Қоғам

Қалада бос орындар жәрмеңкесі өтті

Петропавлда уақытша жұмыстарынан айырылған жандар үшін бос орындар жәрмеңкесі өтті. Бүгінде аймақтағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға 2 мыңға жуық маман қажет. Екі қолға бір күрек таппай жүргендерге арналған шара шілденің 8-і күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында тағы да ұйымдастырылмақ.

Екі қолға бір күрек табу үшін келген солтүстікқазақстандықтардың қатары қалың. Тұрғындардың басым бөлігі – студенттер, карантин кезінде табысынан айырылған жеке кәсіпкерлер мен жұмысы уақытша тоқтаған фирма қызметкерлері. Қала тұрғыны Алена Алексеева «Нептун» аквапаркінде аспаз болып еңбектеніпті. Орталық елдегі төтенше жағдай жарияланғаннан бері – жабық.

Алена Алексеева – қала тұрғыны:

– Бұрын қызмет еткен жерді наурыз айының соңында жапты. Содан бері екі қолыма бір күрек таба алмай жүрмін. Жәрмеңкеде бірқатар жұмыс орындары жайлы ақпарат алдым.

Ал, 19 жастағы Ерлан Әлібеков Семей қаласындағы колледждердің бірінде оқиды. Мамандығы – бағдарламашы. Студент жазғы демалысын тиімді пайланану үшін жұмыс істеуді жөн көрген.

Ерлан Әлібеков – қала тұрғыны:

– Демалыс уақытымда ақша табу үшін келдім.
– Қандай жұмыс тапқыңыз келеді?
– Сол құрылысшы болсам.
– Осыған дейін жұмыс істеп көрдіңіз бе?
– Жоқ бірінші рет.

Ерлан бірқатар жергілікті серіктестік өкілдерімен әңгімелесіп, өзіне қажет жұмысын тапты. Енді ертеңнен бастап іске кіріспек. Жалпы, солтүстікқазақстандықтарға жәрмеңкесінде шамамен 2 мыңға жуық бос орын ұсынылды.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мыңнан астам орын бос. Мұнда берілетін жалақы орташа есеппен 85 мың теңгедей болады. 381 тұрақты орын ұсынып отырған ұйымдар айына 70 мыңнан төлейді. Қоғамдық, әлеуметтік және жастар ұйымы 42 500 теңге береді.

Баршамызға мәлім – алдағы күндері карантин қатаңдатылады. Сондықтан, тұрғындарға бірқатар жеңілдік те қарастырылыпты. Яғни, жұмысқа орналасу үшін азаматтардан тек маңызды құжаттар талап етіледі. Айта кетейік, бос орындар жәрмеңкесі шілденің 8-і күні тағы бір мәрте ұйымдастырылмақ.

 

 

Маржан Касымбек