Ауа райы

Шілде айында ауа райы қандай болады

Шілдеде ауа райы қандай болады? Осыны білу үшін әріптестерім синоптик мамандармен жүздесті. Қазгидромед қызметкерлері айдың екінші жартысында ғана акққайындар өлкесінде температура жоғарылап, нағыз жаз орнайды дейді.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Биыл күн ерте жылынып солтүстікқазақстандықтар мәз-мейрам болды. Тіпті, шомылу маусымы да мамыр айының басында басталды. Бірақ, ыстық күндер ұзаққа созылмады. Көп кешікпей температура төмендеді. Қазір – шілде. Соның өзінде үстімізден күртені тастамай жүрміз.

Жылу киінуіміздің өзіндік себебі бар. Үш-төрт күннен бері солтүстіктің аспанын бұлт торлады. Салқын жел сүйектен өтеді. Әсіресе, жұқа киінген адам кешке және таңертең тоңады. Құдды шілінгір шілде емес, күз сияқты. Синоптиктердің сөзінше, осындай ауа райы айдың ортасына дейін сақталады.

Татьяна Марьина – «Қазгидромет» РМК СҚОФ жетекші синоптигі:

– Алғашқы онкүндіктің бірінші жартысында ауа температурасы түнде – 10-15, кей жерлерде 7 градус жылы болады. Ал күндіз – 16-21, кей аумақтарда 25 градусқа дейін жетеді. Екінші бөлігінде сынап бағанасы түнде – 13-18-ді, күндіз 26-31 жылыны көрсетеді.

Ал шілденің ортасынан бастап ауа-райы жылынады. Сондықтан жеңіл киімдеріңізді әзірлей беруге болады. Болжам бойынша бұл кезеңде сынап бағанасы 20-25 градусқа дейін жетеді. Ал кей жерлерде тіпті 30 градусты көрсетеді.

Татьяна Марьина – «Қазгидромет» РМК СҚОФ жетекші синоптигі:

– Екінші онкүндікте ауа температурасы түнде 12-17 градус жылы болады. Кей кезде сынап бағанасы 8-13 градусқа дейін төмендейді. Күндіз 26-31-ке дейін ысиды.

Нағыз шіліңгір шілде айдың соңында болады. Тамызға таман температура 37 градусқа дейін көтерілмек. Міне, осы кезде табиғат аясында серуендеуге, шомылуға болады. Бірақ, қауіпсіздік шараларын ұмытпайық.

Маржан Қасымбек