Спорт

«Qyzyljar» ФК жеңіске жетті

1-ші шілдеде футболдан премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты қайта басталды. Бұл күні жергілікті «Қызылжар» құрамасы көкшетаулық «Оқжетпес» командасын қабылдады.

Солтүстіктің дербиіне баланған матч өте тартысты өтті. Кездесуде есепті қонақтар ашты. 28-ші минутта көкшетаулықтар белсеніп, жеңіске бір табан жақындады. Бірақ, көп кешікпей таразы басы теңесті. Солтүстікқазақстандықтар сапынан Габрьел Энаке көзге түсті. Осылайша алғашқы тайм аяқталды. Келесі кезеңде қарсыластар көп қателік жіберді. Мұны жерлестеріміз ұтымды пайдаланып, алға шықты. Алайда, 2-ші голды қызылжарлықтар емес, ақмолалық ойыншы өз қақпасына соқты. Кездесу соңына қарай басымдық артты. Петропавл футбол мектебінің түлегі Тимур Мульдинов шеберлік танытып, таблодағы есепті 3-те 1 қылды. 3 ұпай қоржында!

Тимур Мульдинов – «Qyzyljar» ФК шабуылшысы:

– Бұл ойынға өте ұзақ дайындалдық. Матчтың алғашқы минуттары қиынға соқты. Бірақ, жігіттермен ұйымшылдық танытып, жеңісті жұлып алдық. Алда маңызды ойындар бар. Келесі турда сырт алаңда Таразбен кездесеміз.

Вячеслав Руснак – «Qyzyljar» ФК жаттықтырушысы:

– Ойын басында матч осылай аяқталады деп ойлағанбыз. Өкінішке қарай, алғашқы таймда қателік жіберіп алдық. Футболшылар әлі де жинақы болулары қажет. Алда маңызды кездесулер бар. Тартысты бәсекелерге құрам толыққанды дайындалып, күш жинаулары тиіс. 

Бердимурат Баймухан