Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда дәрі-дәрмек жеткілікті

Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бүгінде Петропавлда вирусқа қарсы қолданылатын және қызу түсіретін препараттар тапшылығы сезілмейді. Қажетті дүниелер облыс орталығына тұрақты түрде әкелініп, халыққа сатылып жатыр. Толығырақ келесі бейнематериалда.

Төсек орындар, медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер. Жақында ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы заттардың көлемін арттырып, халықты қамтамасыз етуді тапсырды. Көп кешікпей-ақ мемлекет басшысы жүктеген міндет орындалды. Шілденің 1-і күні Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Қазақстанның медициналық ұйымдарына препараттар жеткілікті көлемде жөнелтілгенін айтты. Сөзінше, індетке шалдыққан жандарды емдеу үшін әр өңірге қажетті дүниенің 59 түрі жеткізілген. Тауардың жалпы құны 128,7 млн теңгені құрайды.

Людмила Бюрабекова – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

– Бүгіннен бастап Алматы мен Нұрсұлтан қалаларындағы және Қарағанды облысындағы дәріханаларда қызуды басатын «парацетамол» дәрісін сатып алуға болады. Аптаның соңына дейін дәл осы дәрі еліміздің барлық өңіріне жетеді. Препараттар мен олардың бағасын үнемі бақылауда ұстаймыз. Ол үшін арнайы құрылған мониторингілік топтар бар. Тұрғындардың құлағына алтын сырға, вирус жұқтырған адамдарға өз беттерінше емделуге болмайды. Міндетті түрде ем-дом шараларын дәрігер тағайындауы қажет.

Облыс орталығындағы жағдай қандай? Мұны білу үшін Петропавлдағы дәріханалардың біріне бас сұқтық. Мұнда бізді фармацевт маман қарсы алды, препараттар ұдайы жеткізіліп жатқанын мәлімдеді.

Виктория Костюхина – дәріхана басшысы:

–  Тауар бізге тұрақты түрде жеткізіліп тұрады. Мысалы, жергілікті мамандар дәрі-дәрмекті күнде әкеледі. Ал, елорда мен Қостанайдан аптасын 3 мәрте жеткізіледі.

Осының нәтижесінде дәрі-дәрмек тапшылығы сезілмейді. Қажетті дүниенің барлығы бар. Ең бастысы бізде вирусқа қарсы, дене қызуын түсіретін препараттар жеткілікті.

Виктория Костюхина – дәріхананың басшысы:

–  Тұрғындар дәрі-дәрмектерді көп алатын болды. Жерлестеріміздің басым бөлігі дене қызуын түсіретін антибиотиктерді және вирусқа қарсы препараттарды сұрайды. Тауар жетіспеушілігі сезілмейді. Бірақ, сатылымда градусниктер жоқ. Олар таусылып қалды. Сол себепті, адамдарға тек электронды термометрді ғана ұсына аламыз.

Қазіргі күні электронды термометрдің бағасы шамамен 1200 теңгені құрайды. Ал, бұл қарапайым дене қызуын өлшейтін градусниктен бірнеше есеге қымбат.

Бердимурат Баймухан