Мәдениет

Облыстық кітапханада Ұлттық Домбыра күніне орай іс-шара өтті

4 мың жылдық тарихы бар ұлттық аспабымызды ұлықтау мерекесі! Облыстық кітапхана қабырғасында Домбыра күніне арналған онлайн іс-шара өтті. Мұнда мамандар оқырмандарға ата-бабадан мирас болып қалған мұра туралы қызықты деректермен бөлісті. Ал, күйші, композитор Серікбай Құсайынов немересімен бірге қасиетті домбыра жайлы баяндап, бірнеше күй орындады.

Құсайыновтар әулеті үшін “Домбыра күні” үлкен мереке саналады. Жанұяның әрбір мүшесі ұлттық аспаптың күмбірлеген дауысын естіп өскен. Отағасы Серікбай Бәриұлының атадан қалған мына мұраны өмірлік серігі еткеніне 70-жылдан астам уақыт өтті. Дәл осы домбыраны қолына алып, 9 жасында болашақ композитор музыка әлеміне алғаш қадамын жасапты. Нағашысынан қалған көне жәдігердің бүгінге дейін жету тарихы да – қызыққа толы.

Серікбай Құсайынов – күйші, композитор, Ы. Алтынсарин медалінің иегері:

– 1943 жылы Ишан деген ағамыз соғысқа кетер алдында Сұлтанғазы деген етікшінің пышағымен Ишан деп жазып кетіпті.  Соғыстан келгеннен кейін Жұматай деген жолдасының үйіне барса, шешесі домбыраның бетін алып тастап, қалақ ретінде қолданып жүр екен.

Мұны көрген Ишан ағасы домбыраны алып қойып, аспапқа қайта жан бітірген. Содан бері Серікбай Құсайынов оны құнды жәдігер, нағашысының көзіне ретінде сақтап келеді. Бүгін атадан мирас болып қалған көне дүниені күйші облыстық кітапхананың оқырмандарына қашықтықтан таныстырды. Кейін жерлестерімізге арнап бірнеше туынды да орындады.

Күйшінің қазақтың ұлттық өнеріне, ұлттық аспабына деген махаббаты ерекше. 1961 жылы дәл осы сүйіспеншілік оны ақ қайыңдар өлкесіндегі алғашқы домбыра сыныбын ашуға жетелеген. Араға 20 жыл салып, мұндай үйірме Серікбай Құсайыновтың бастамасымен сол кездегі өнер училищесінде жұмысын бастады. Талай жасты өнерге баулыған  күйші, композитордың қазіргі шәкірттері – немерелері.

Диас Құсайынов атасынан тәлім-тәрбие алып өскен. Бүгінде оның жолың қуып, өнерге бет бұрыпты. Жас таланттың орындаған күйлері де көрерменді баурап алды. Тағы жерлестеріміз домбыраның тарихымен де жақынырақ танысты. Кітапхана қызметкерлері солтүстікқазақстандықтарға арнап ұлттық аспап жайлы қызықты мәліметтерді дайындаған екен.

Кәмшат Әбілкәрімова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК библиографы:

– Домбыраның 4 мың жылдық тарихы бар. Оның дәлелі – Алматы облысынан табылған тасқа қашалған сурет. Онда билеп жүрген адамдар мен домбыраға ұқсайтын аспап бейнеленген.

Облыстық кітпханада өнерге жақын жандар үшін түрлі әдебиеттер бар. Бірегейі – Ақселеу Сейдімбектің “Күй өнері” кітабы. Туындыда композиторлардың өмірбаяны ғана емес, осыған дейін еш жерде айтылмаған тың деректер жазылған. Ал, аспапта ойнау шеберлігін енді ғана меңгеріп жүрген жерлестеріміз көрмеден арнайы оқу құралдарын таба алады.

Эльмира Садвокасова