МТРА жаңалықтарыӘр түрлі

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері өсті

Қазақстанда көпбалалы отбасыларға тиесілі жәрдемақы мөлшері өсті және ол жаңа тәртіп бойынша берілетін болды. Президент пәрменіне сай енді сегіз және одан да көп баласы бар жанұяларға мемлекеттен ақшалай көмек қарастырылған. Бұрын мұндай әлеуметтік төлем 7 перзентпен, яғни 77 951 теңгемен шектелген еді.

Бұл – Қызылжар ауданынана қарасты Новокаменка ауылында тұратын Таженовтар отбасы. Берекелі шаңырақта 4 бала өсіп келе жатыр.Адель, Әділет, Әдия мен Аңсар. Үйдің отағасы көп уақытын жұмыста өткізетіндіктен ұл-қыздардың күтіміне отанасы жауапты. Қазір декретте екен.

Аида Таженова – Новокаменка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Күйеуімнің жұмысы күшейтілген карантин кезінде де тоқтамады. Соған өте қуаныштымыз. Әйтпесе, күн көрісіміз қиындап кетеді ме қорыққан едік. Елдегі жағдайға байланысты ол қазір қалада тұрып, қызметіне барып жүр. Біз – ауылдамыз. Айына бірнеше рет қана көрісеміз.

Отағасы еңбек етіп, ақша табады, оның үстіне қазір көп балалы жанұя мемлекеттен жәрдемақы алады. Осының арқасында жерлестеріміз ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Қуантарлығы, осы айдан бастап әлеуметтік көмектің мөлшері өспек. Бұрынғы сомма, яғни, 4 бала үшін берілетін
42 496 теңгеге 2 мың қосылып отыр.

Аида Таженова – Новокаменка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Әрине, мемлекеттен берілетін жәрдемақыны 4 баланың бәріне бірдей жеткізе алмайсың. Қазір базарларда азық-түлік, киім-кешек қымбат. Сондықтан әлеуметтік көмектің сәл де болсын өскеніне қуаныштымыз.

Айта кетейік, шілдеден бастап әлеуметтік көмек перзент санына қарай беріледі. Бұрын жаняұлардың барлығы бірдей ақша алатын. Яғни, отбасында 7 бала болса да, 10 бала болса да 77 784 теңге берілетін. Енді әр біреуіне 11 мың теңгеден төленбек. Өзгеріске назар аударайық!

8 балаға – 88 896
9 балаға – 100 008
10 балаға – 111 120
11 балаға – 122 232
12 балаға – 133 344
13 балаға – 144 456
14 балаға – 155 568
15 балаға – 166 680
16 балаға – 177 792 теңге төленеді

Гүлбақыт Манабаева – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Аталған мемлекеттік жәрдемақыға табысына қарамастан 4 және одан көп кәмелет жасқа толмаған немес күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға беріледі.

Бұл өзгеріс мамырдың 13-інде орнады. Мемлекет басшысы бұл күні арнайы құжатқа қол қойды. Бір айта кетерлігі, қаңтар мен маусым аралығындағы ақша да өзгеріске сай төленеді. Яғни, ағайын көп кешікпей жарты жылға тиесілі сомманы алады. Бүгінде өңірімізде 3127 көпбалалы отбасы әлеуметтік көмек алады. Оның ішіндегі 15 жанұяда 8 және одан да көп бала бар екен.

Маржан Қасымбек