Құқық қорғау органдары

Биыл СҚО-да 5 лауазымды тұлға жемқорлықпен ұсталған

Соңғы 6 айда жемқорлық жасаған 12 солтүстікқазақстандық жазаға тартылған. Олардың 5-еуі – басшылық қызметкер атқарған жандар. Бұл жайлы бүгін жартыжылдықты қорытындылаған жауапты департамент басшысы Ернар Баянғазин айтты. Қаңтардан бері әшкереленген қылмыстардың жартысынан көбі – парақорлық.

Жемқорлыққа қарсы жергілікті департамент қаңтардан бері 54 қылмыстың бетін ашқан. Жартысынан көбі, нақтырақ айтсақ 37-сі – парақорлық. Жарты жылдың өзінде қызметін пайдаланып, ауызбастырық сұраған 5 лауазымды тұлға креслосынан айырылды. Иә, қатарда көпшілікке мәлім сәулет-құрылыс басқармасының басшысы, Шал ақын аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары бар. Қолмен істегендерін экс-шенділердің бәрі енді мойынмен көтеруде.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Жыл басынан бері 12 тұлғаға қатысты сот үкімі шықты. 6-уы бас бостандығынан айырылса, 5-уі айыппұл төлейді, ал бір қылмыскердің бостандығы шектелді. Үкім шыққан істер бойынша мемлекетке 458 млн теңгенің шығыны келтірілген. Қаражаттың 98 проценті қазынаға қайтарылды.

Бірақ, ведомство жемқорлықтың салдары емес, оны тудыратын себептермен күресуге ден қойып отыр дейді Ернар Баянғазин. Сөзінше жарты жылда талай істің басы қайырылған. 8 бірдей мемлекеттік органда сыртқы анализ жүргізіліп, парақорлық тәуекелдері анықталды. Бірқатар сараптамалардың нәтижелерін өткен хабарларда баяндаған едік. Ал департамент қолға алған «Адал жол» жобасының аясында жолсерікке ақша беріп, билетсіз қатынаудың 17 фактісі әшкереленіпті. «Сапалы жол» жобасының шеңберінде жуырда ғана жөнделген 8 жол учаскесінің жағдайы бағамдалған. «Қоғамдық бақылау» деген бағыт тағы бар. Ведомство қоғам белсенділерін жинап, арнайы мониторингілік топ құрған.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Жыл басынан бері бұл топ 7 мониторинг жүргізді. Мектептердегі жөндеудің, салынып жатқан үйлердің сапасын тексерді, денсаулық сақтау саласындағы ахуалды да біліп қайтті, ал бірер күн бұрын қайтыс болған жандарды жерлеу ісіндегі кемшін тұстарды анықтады. Осы бақылау шараларының арқасында 50-ге тарта ұсынымдар жасалды.

«Антикор» өсіп келе жатқан жастардың бойында парақорлыққа қатысты төзбеушілкті тәрбиелеуде де шаруа тындырып жатыр. Бұгінге дейін 435 мектепте «Адал ұрпақ» клубтары жұмыс істейді. Осылайша жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға 70 мыңнан аса оқушы тартылған. Баянғазин мырзаның сөзінше, облыста пара беру, пара алу, бюджет ақшасын жымқыру деңгейі алғашқы жарты жылда «орташа» деп бағалануда. Бұл – халықаралық рейтинг агенттігі жүргізген зерттеу нәтижесі.

Эльмира Садвокасова