Денсаулық сақтау

№3 қалалық емханада жаңа Call-орталық пайда болды

Өткен айдың соңында №3 қалалық емханада жаңа Call-орталық пайда болды. Мұндағы мамандар тек КОВИД-19-ға қатысты қоңырауларды қабылдап, тұрғындармен тілдеседі. 1 күнде қос қызметкерге 100-ге жуық адам хабарласады екен. 

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тұрғындардың лабораториялар маңындағы кезектің көптігіне, санитарлық нормалардың сақталмауына қатысты шағымдануы әділетті. Мұның бәрі тікелей ауру жұқтыру қаупін күшейтеді. Сондықтан вирус жұқтырудың алдын алу және бір орталықтан таратуды қамтамасыз ету, сондай-ақ, есепке қою мақсатында ПТР сынамаларын тапсыруды онлайн жазылу немесе Call орталық арқылы жүргізу қажет.

Апта басында ел Президенті осылай деді. Содан кейін Call орталықтарда жұмыс қызды.

Алтынай Бекмағамбетова №3 қалалық емханаға қарасты Call орталықта қызмет етеді. Нәзікжанды 1 ауысымда 8 сағат бойы тұрғындардан түскен қоңырауды қабылдайды. Қазіргі таңда мұндағы мамандар тек тәжді вирусқа қатысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, білген-түйгендерімен бөліседі екен.

Алтынай Бекмағамбетова – психолог:

– Таңнан кешке дейін қоңырау түседі. Тұрғындар көбінесе коронавирус жайлы сұрақ қояды, тапсырған анализдерінің қорытындысын білгісі келеді. Біз қолда бар ақпаратпен бөлісеміз. Яғни, сынама нәтижесін хабарлаймыз. Кейін оны учаскелік дәрігерге де мәлімдейміз. Тағы, біз дерттен қорқып, үрейге бойы алдырған жерлестерімізді жұбатамыз, психологиялық көмек көрсетеміз.

Негізі бұл орталық емханада бұрыннан бар. 6 адам күндіз-түні қызмет етеді. Соңғы уақытта қоңыраулардың саны артыпты. Адамдар сан түрлі шағыммен, сұрақпен хабарласқан екен. Сондықтан маусым айының соңында орталық 2-ге бөлінген. Біріндегі қос маман жаңа ғана айтқандай тек індетке қатысты сауалдарға жауап береді, көмек көрсетеді. Телефон нөмірі – 53-80-15.

Әлия Тәшетова – №3 қалалық емхананың бас дәрігері:

– Тұрғындар ПТР сынамасының қорытындысын білу үшін хабарласады. Сондай-ақ, дене қызулары көтеріліп, жөтел қысса орталықтағы терапевтен кеңес алады.

Бүгінге дейін індетке байланысты қызмет көрсететін қос маманға 300-ден астам қоңырау түсіпті. Орта есеппен 1 күнде 100-ге жуық тұрғын телефон шалады. Емхана өкілдері дерт белгілері байқалып жатса, адамдарды бірден орталыққа хабарласуға шақырады.

 

 

 

Бердимурат Баймухан