Құқық қорғау органдары

Жемқорлыққа жол жоқ

Бармақ басты, көз қыстылыққа жол жоқ! Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті өкілдері онлайн-кеңес өткізді. Қашықтықтан ұйымдастырылған жиында өңірде орынған алған парақорлық фактілері жайлы айтылды. Заңбұзушылықтың бірі өткен жылы жарты миллиард теңгеден аса қаржы жымқырған экс-шенеунік пен оның әйеліне қатысты. Жақында аталған іске қатысты шығарылған сот үкімі заңды түрде күшіне еніпті.

Өткен жылы қаржы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Әділбек Қалиевке бюджеттен жарты миллиардтан аса қаржы жымқырды деген айып тағылды. Көп кешікпей іске экс-шенеуніктің әйелінің де қатысы бары анықталды. Олар қылмысты былай жасаған: Әділбек Қалиев мемлекеттік тапсырыстар бойынша конкурстар ұйымдастырған. Бірақ, өзінің қызметтік лауазымын пайдаланып, қыруар қаражатты өзге ұйымдарға емес, жарының әкесіне тиесілі 2 компанияға аударып отырған. Дегенмен, құйтұрқы әрекет әшкереленді.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Маусымның 25-і күні қаржы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасарына қатысты шығарылған сот үкімі заңды түрде күшіне енді. Әділбек Қалиев кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан және мемлекеттік мүлікті заңсыз заңдастырған. Осы үшін ол 8 жылға темір торға тоғытылды. Ал, алаяқтық жасаған үшін Динара Қалиева 6 жылға сотталды.

Төтенше жағдай кезінде де өңірімізде бармақ басты, көз қыстылық фактісі тіркелді. Естеріңізде болар, сәуір айында қалалық әкімдік қызметкері жеке автокөлік иесіне карантиндік блокпосттардан кедергісіз өтуге арналған рұқсат қағазын жасап берген еді. Заңсыз әрекеті үшін ол 50 мың теңге қөлемінде пара алған. Айта кетерлігі, бұл қылмысты билік өкілі бір емес, бірнеше рет жасаған. Жуырда сот үкімі шықты. Үкімге сәйкес оңай пайдаға кенелмек болған экс-шенеунік 3 млн теңге көлемінде айыппұл төледі және мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттелді.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Алдағы уақытта осындай фактілерге жол бермеу үшін Петропавл қаласы әкімдігінің барлық жеке құрамы үшін тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, төтенше жағдай кезінде құрылған жедел штабтың жұмысын қайта қарастыру керек.

Айта кетейік, жаңа ғана айтылған 2 заңбұзушылық Қылмыстық кодекстің 60-шы және 200-ші баптары бойынша қаралып, сот үкімі шығарылды.

Дана Ешкенова