Құрылыс

Қызылжар ауданында қоныстанушыларға арналып үйлер тұрғызылуда

Қоныстанушыларға арналып жарық, жайлы әрі жылы 48 үй тұрғызылады! Бүгінде Қызылжар ауданында құрылыс жұмыстары қарқын алған. Мұнда халқы тығыз орналасқан өңірлер мен қалалардан көшіп келетін ағайынға арналып су жаңа баспаналар салынып жатыр. Бескөлдегі шаруаны арна тілшілері байқап қайтты.

Бескөл ауылының оңтүстік-шығысы күннен-күнге адам танымастай өзгеріп жатыр. Қазір мұнда жолдарға тақтайдай тегіс асфальт төселуде, су жаңа мектеп пен үйлер салынуда. Әрқайсысының жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрайтын 8 нысан оңтүстіктен қоныс аударатын ағайынға берілмек. Құрылыс жұмыстары жергілікті “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігіне сеніп тапсырылыпты. Іске жауапты мамандар баспаналар жылы әрі жайлы болады дейді.

Азамат Алтынбек – “Ахмутдинов” ЖК прорабы:

– 21-ші мамыр күні жұмыс басталды. Істі 10-шы тамызға қарай бітіреміз деп отырмыз. Үйлер жылы болады.

конецформыначалоформы1 үйдің құны – 7 млн теңге. Нысанға адам өміріне қажеттінің барлығы болады. Бүгіннің өзінде су құбыры, жарық сымдары тартылыпты.

Азамат Алтынбек – “Ахмутдинов” ЖК прорабы:

– 2 жатын бөлме, 1 ас бөлме және зал болады. Пешпен жағылады. Көмір қора салынады.

Бүгінде істің 60 пайызы аяқталыпты. Енді 1 жұмадан соң мамандар ішкі жұмыстарға кірісуді жоспарлап отыр. Құрылыс толығымен аяқталғасын нысандарды мемлекет сатып алады. Айта кетейік, биыл Қызылжар ауданына қарасты 7 ауылда қоныс аударушыларға арналып 48 үй салынады. Ал, былтыр 39 баспана тұрғызылған екен.

Ақбота Шайкина – Қызылжар аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Үйлер Қызылжар, Бескөл, Петерфельд, Налобин, Рощин, Якорь селолық округтерінде тұрғызылады. Бүгінгі күнге дейін біздің ауданға 28 отбасы қоныс аударды. Олардың 18-і тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында баспанаға ие болды. Еңбекке жарамды адамдар жұмыспен қамтылды. Көшкен кезде әрбір жанұя мүшесіне субсидия берілді.

Субсидия 97 мың теңгені құрайды. Қоныстанушылар 5 жыл көлемінде үйлерді жалғап тұрады. Мерзім аяқталғасын қалған сомманы төлеп, мүлікті өз аттарына өткізе алады. Статистикаға сүйенсек, Қызылжар ауданына Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан адамдар көшіп келеді екен.

Маржан Касымбек