“Тарт домбыра” облыстық байқауы өтуде

Мәдениет

21:29 1 Шілде 2020

YouTube Embed: No video/playlist ID has been supplied

“Тарт домбыра”! Осындай атаумен өңірімізде Ұлттық домбыра күніне арналып онлайн байқау өтіп жатыр. Облыстық сайысқа атадан балаға мирас болған аспаптың құлағында ойнайтын 20 солтүстікқазақстандық қатысуда. Атаулы дата қарсаңында әріптестерім дәл осы конкурспен толығырақ танысты және додада бақ сынаушы жанмен тілдесіп қайтты.

Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра. Қос ішектен төгілген күй жанды тебірентпей, тербетпей қоймайтыны рас. Сондықтан да ата-бабаларымыз ежелден бері бұл аспапты қадірлеп-қастерлеп келеді. Кейінгі буын өкілдері де ерекше құрметтейді. Жерлесіміз Бәйімбет Құбайдолла ұлттық мұраны дәріптеп, жанына серік етіп жүргеніне 10 жылдай уақыт болыпты. Қайда барса да қолынан домбырасын тастамайды екен.

Бәйімбет Құбайдолла – «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашысы:

– Домбыраның үні шыққанда қазақтың құйқа тамыры шымырлайды. Бір орында отыра алмай, сондай бір серпіліс алады. Қазақ қуанса да, мұңайса да домбыраны қолына алады.

Бүгінде өнерлі азамат домбырашылардың “Тарт домбыра” атты облыстық онлайн байқауына қатысып жатыр екен. Сайыс алдында ол атақты күйші Абдулхамит Райымбергеновтың «Секіртпе» күйін орындап, видеосын қазылар алқасына жіберіпті. Нәтижесін асыға күтуде.

Бәйімбет Құбайдолла – «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашысы:

– Конкурс жайлы “Instagram”-нан білдім. Тек өзіммнің ғана емес, оқушыларымның да видеоларын жібердім.

Бәйімбеттің оқушылары да бар. Ол бүгінде 30 балаға домбыра тартуды тегін үйретіп жүр. Төтенше жағдайға дейін жастармен жүздесіп, білген-түйгенімен бөлісіпті. Ал, қазір қашықтықтан тәлім береді. Міне, бүгінде осы ұл-қыздардың 5-еуі “Тарт домбыра” облыстық онлайн байқауына қатысуда. Жалпы, сайыста 20 адам бақ сынап жатыр. Ережеге сай олар өздері таңдаған күйді орындайды. Видео уақыты 1 минуттан кем болмауы тиіс. Айта кетерлігі, жерлестеріміздің өнерін қазылар алқасы ғана емес, солтүстікқазақстандықтар да бағалайды.

Элла Рахимжанова – «Қоғамдық келісім» КММ бөлімінің жетекшісі:

– Қатысушылар жіберген видеоларды өзіміздің «Instagram», «Facebook» және «ВКонтакте» желілеріндегі парақшаларымызда жариялайтын боламыз. Қазылар алқасының ең көп дауысы мен тұрғындардың лүпілін жинаған туындының авторы жеңімпаз атанады.

Кімнің үздік атанғаны шілденің 20-сы күні анықталмақ. «Тарт домбыра» облыстық онлайн байқауының жеңімпаздары алғыс хат және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Маржан Касымбек

Бұдан әрі оқыңыз

“Әлем мойындаған Абай” көрмесі
Петропавлда «Любушин» қорындағы кітаптар таныстырылды