Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық көпбейінді ауруханада 200 орындық стационар ашылды

Өңірде тәжді вирусты жұқтырғандардың саны күннен-күнге көбейіп жатыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, індет белгілері 1300 жуық адамнан табылыпты. Науқастарға көмек қолын созу қажет. Осы мақсатта облыстық көпбейінді ауруханада Президент пәрменіне сай 200 адамға арналған провизорлық стационар ашылды.

Бақытжан Сәмиева – Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің төрайымы:

– Тұрғындарды карантин талаптарын сақтауға шақырамын. Жақындарыңыздың және өзіңіздің денсаулығыңызды қорғаңыз.

Бақытжан Сәмиеваны біреу білсе, біреу білмес. Жерлесіміз қазіргі уақытта қалалық қоғамдық кеңесінің төрайымы болып қызмет етеді. Кеше ғана түрлі жиындарда баяндама оқып, қоғам ортасында жүрген нәзікжанды бірер күн бұрын өз үйінде оқшауланды. Себебі, өткен аптада жерлесіміздің бойынан вирус белгілері табылыпты. Індет жұқтырып алған азаматша тұрғындарға сақ болуды өтінеді. Өйткені, инфекция бар және сақтанбаған адамға ол міндетті түрде жұғады. Жерлесіміз бұл жайлы әлеуметтік әлеуметтік желідегі парақшасына да жазыпты.

– Маусымның 21-і мен 22-сі аралығында өзімді жайсыз сезіндім. Тамағым ашып, жөтеле бастадым. Дене қызуым 37,2-ге бірақ жетті. Дәрігердің кеңесі бойынша қызымыз екеуіміз антибиотиктер қабылдай бастадық. Соның арқысында жағдаймыз жақсара бастады. Ал 7-ші күні коронавируске тапсырған анализдеріміз расталып шықты.

Жерлесіміздің айтуынша, дәрігерлер оған күніне 2 рет хабарласып, денсаулығын біліп тұрады екен. Сол үшін оларға алғысын білдіреді. Өзімізге жағдай мәлім, жағдай күннен-күнге ушығып барады. Мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бірер күн бұрын өткен онлайн кеңес барысында да айтты. Мысалы, мемлекет басшысы өңірлердегі ауруханаларда науқастар жататын орын, медициналық кадрлар, дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтар тапшылығы қатты байқалатындығын мәлімдеді. Және ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар тапсырма жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Пандемияның екінші толқынын ескере отырып, шілденің соңына дейін жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған төсек орындарын 50 пайызға арттыруды тапсырамын. Бұл үшін өңірлер барлық резервті, соның ішінде, жеке және ведомстволық медицина орталықтарын пайдалануы керек. Үкіметке дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін бес күннің ішінде шешуді тапсырамын.

Президенттің пәрменіне сай, облыстық көпбейінді ауруханада 200 адамға арналған провизорлық стационар ашылды. Бас дәрігер Юрий Белоногтың айтуынша, шамамен 2 күннің ішінде стационарға 100 кісі жатыпты. Барлығының диагнозы бір – екі жақты пневмония.

Юрий Белоног – облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:

– Облыстық көпбейінді аурухананың терапевтік корпусында провизорлық стационар және реанимациялық бөлімше ашылды. Ашу үшін 8 медициналық бөлімшені басқа жаққа көшірдік. Келушілер өте көп. Бір күннің ішінде емдеу орнының жартысы толды.

Қазақстанда індет жұқтырғандар саны 41 мыңнан асты. Сондықтан елімізде Президент тапсырмасына сай қайта қатаң карантин режимі енгізілуі мүмкін. Жергілікті дәрігерлер мұны қолдайды.

Нұрлан Жақыпов – Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

– Қазір карантинді күшейту қажет. Төтенше жағдай ақталғасын тұрғындар көпшілік орындарға жиі баратын, тазалық шараларын сақтамайтын болды. Осының салдарынан ауру жұқтырғандардың саны күннен күнге артуда. Өкінішке орай, науқастардың қатарында ұл-қыздар да бар. Бүгінде 14 жасқа дейінгі 4 бала ем қабылдауда.

Қазіргі күні өңірімізде провизорлық стационарда – 262, ал инфекциялықта 178 науқас жатыр.

Бердімұрат Баймұқан