Қоғам

Жерлеу рәсімінде жемқорлық бар ма?

Екіара дау. Жерлеу қызметімен айналысатын мекеме  жаңа зиратты сенімді басқаруға алған серіктестіктердің біріне наразы. Шағымданушылардың айтуынша  соңғы аталған кәсіпорын олардан  бейітте жұмыстарды жүргізу үшін қомақты қаражат алып келген.

Бұл – Жұмысшы кентінде орналасқан жаңа зират. Қалалық әкімдік өткен жылдың ақпанында бейітті “Петроспецобслуживание” серіктестігіне сенімді басқаруға беріпті. Содан бері мұнда бірқатар өзгеріс орын алған екен. Қазіргі таңда іске жауапты агенттікте марқұмды жерлеу үшін аталған кәсіпорынға ақша төлеу керек. Сома қомақты.

Вадим Приходченко – «Приходченко» ЖК басшысы:

– Құжатта жерлеу рәсімін тек зиратты сенімді басқаруға алған серіктестік жүргізеді делінген. Менің ойымша бұл дұрыс емес. Себебі, біз адамды жерлеу үшін кәсіпорынға төлем жасаймыз. Жыл басынан бері 8 млн теңгедей бердік. Қыста 1 кісіге 73-83 мың теңгенің аралығында ақша төленді. Тиісті жұмыстарды шығын шығармай, өзіміз де атқарар едік.

Кәсіпкер арадағы делдал болғысы келмейді. Яғни, қайтыс болған адамның жақындарынан ақша алып, оны серіктеске беруге қарсы. Вадим Приходченко одан да ол қаржыны өз жұмысшыларыма үлестірейін дейді. Бірақ, қарсы тараптың да айтары бар. Мекеме өкілдері тиісті ереже аясында жұмыс істеп жатқандықтарын алға тартады.

Ирина Скоробогатова – “Петро-Спецобслуживание” ЖШС директорының орынбасары:

– Өзге адамдар неге жерлеу рәсімін өткізбейді? Оның себебін мен түсіндірейін. Зиратта санитарлық талаптар сақталуы қажет. Біз барлық ережені ескереміз. Сондықтан, тұрғындардан ешқандай шағым түспейді, ұрлық орын алмайды. Ал бұрындары мұнда жер дұрыс қазылмайтын, қоқыс шашылып жататын, камера болмайтын, мәйіттер тәртіппен жерленбейтін. Қазір барлығын реттедік. Бүгі де күзетшіміз де бар.

Серіктестіктің ісіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және қалалық әкімдік өкілдері сын білдірмеді. Сондықтан, келісім-шартты бұзу жөнінде мәселе қаралмайды. Тек, құжаттағы бірқатар пунктер қайта қаралмақ.

Амангелді Сатанов – «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Біздің ұсынысымыз бойынша құжат қайта қаралады. Кейін, келісім-шартқа Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Қабылданатын жаңашылдық қос тарапқа да тиімді болуы тиіс. Біз осыны міндетті түрде ескереміз.

Сөз соңында айта кету қажет, биылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жерлеу қызметтерін бақылауды қолға алған.

Маржан Касымбек