МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтар Елбасының алғыс хатымен марапатталды

Бүгін “Nur Otan” партиясының жергілікті филиалында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен жиын өтті. Шара барысында  төтенше жағдай кезінде “Біз біргеміз” акциясына белсенді қатысқан солтүстікқазақстандықтар марапатталды. Оларға еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хаты табысталды.

Қиын-қыстау сәтте қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып, елдің амандығын тіледі. Мұны отандастарымыз сөзбен ғана емес, іспен де дәлелдеді. Елбасының қолдауымен наурыз айында “Біз біргеміз” акциясы басталғаны мәлім. Бұл шара бүкіл ел бойынша 5 мыңнан астам еріктіні біріктірді. Тізімге белсенді жерлестеріміз де енді. Бүгін осы теріскейліктерге облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзі мен Тұңғыш Президенттің атынан алғыс білдірді.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясының СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

 – Қиын кез болды, сол кезде біраз халық жұмыссыз қалды. Сонда Елбасы, “Nur Otan” партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осы акцияны жариялады. Акцияға тек партия өкілдері ғана емес, жай адамдар да ат салысты. Сол жандарға алғыс білдіреміз.

Төтенше жағдай кезінде мұқтаж жандарға көмек көрсеткендердің арасында волонтерлермен қатар кәсіпкерлер, студенттер, журналистер, мұғалімдер де бар. Бұл жандар күн демей, түн демей еңбек етті. Нағыз патриот екендерін дәлелдеді. Солардың бірі – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Әлфараби Мыңбай.

Әлфараби Мыңбай – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Мен 3 жылдан артық еріктілікпен айналысамын. Төтенше жағдай кезінде жалғыз басты қарттарға, мүгедектерге көмек көрсеттік. Әлі де керек болса осы жандарға барып тұрамыз.

Жиында Елбасының алғыс хатымен “Хабар” агенттігінің меншікті тілшілері де марапатталды. Нұргүл Қазиева тікелей эфирлер мен түсірілім арасында бос уақыт тауып, волонтерлікпен айналысыпты. Ол мұқтаж жандарға азық-түлік, қорғаныс құралдарын жеткізіп тұрған екен.

Нұргүл Қазиева – “Хабар” телеарнасының меншікті тілшісі:

 -Елбасының бастамасымен қолға алынған акцияға қатысу – мен үшін үлкен мәртебе болды. Мен де өзімді ерікті ретінде сезініп көрдім. Волонтерлердің атқарып жатқан жұмысына жоғары баға беремін және алғыс айтамын. Бұл жандар өздерінің денсаулықтарын тәуекелге тігіп, мұқтаж жандарға көмек көрсетуде.

Жалпы, бүгінгі жиында 10-нан астам белсенді солтүстікқазақстандыққа Елбасының алғыс хаты табысталды.

 

 

 

 

Ешкенова Дана