Білім

Озық үлгідегі технология жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Озық үлгідегі технология жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Биыл облыстық кәсіптік педагогикалық және қалалық машина жасау колледжіне соңғы 20 жылда болмаған заманауи қондырғылар әкелінді. Студенттердің тәжірибе жүзінде жетілуі үшін “Жас маман” бағдарламасы аясында 650 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті.

Бұрындары мына гараждың ішінде Жигули, ВАЗ, ЗИЛ сынды өткен ғасырдың үлгісіндегі көліктер тұрыпты. Технологияның дамыған заманында мұндай ескі машиналармен білім алып алысқа бармайтының рас. Сол себепті, биыл облыстық кәсіби педагогикалық колледжге «Жас маман» бағдарламасы бойынша 300 млн теңгеден аса қаржы бөлінген. Ақша республикалық және облыстық бюджеттен бағытталған. Аталған сомаға оқу ордасының 1-ші қабаты мен гаражына жөндеу жасалуда. Және студенттердің тәжірибесін арттыру үшін озық үлгідегі қондырғылар мен көліктер алыныпты.

Еркін Жақыпов – СҚ кәсіби педагогикалық колледжінің директоры:

– 2 автокөлік алдық. Тағы, микроавтобус пен жүк көлігін әкелеміз. Олар алдағы уақытта әкелінеді. Тағы, автокөлік көтергіштер, диагностикалық стендтер алдық.

Көлік көтергіш, диагностикалық стендтер пен құрал-саймандар. Заманауи темір тұлпарларды жөндеуге қажетті заттардың барлығы осында болады. “Мұндай жабдықтарды пайдаланған студенттер алдағы уақытта машина құрастыратын атақты компанияларда еңбек ете алады”-, дейді оқытушылар. Қазіргі уақытта ұстаздар жаңа орнатылған дүниелермен танысып жатыр.

Юрий Данилов – СҚ кәсіби педагогикалық колледжі директорының орынбасары:

– Біздің колледж дамыту бағдарламасына 2 бағыт бойынша енді. Ол – электрмен жабдықтау және автокөлік пен транспорт. Осының аясында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Әкелінген дүниелердің мүмкіншілігі зор. Оларды пайдалану арқылы жастар білікті маман атана алады.

Мамандардың айтуынша жабдықтардың бағасы көліктен де қымбат. Мәселен, мына «Киа Спортейдж» автокөлігі 9 млн теңге тұрса, жанармай аппаратурасын диагностикалайтын құралдың бағасы 11 млн-ды құрайды. Сонымен қатар, аталған білім ордасының базасында машина жасау колледжі де бар. Мұнда да биыл «Жас маман» бағдарламасы бойынша 324 млн теңге бөлінген екен. Бұл қаржыға да озық үлгідегі құрал-саймандар әкелініп, орнатылуда. Жалпы, тың жоба былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің бастамасымен қолға алынды. Үстіміздегі жылы Петропавлда оның шеңберінде 4 бірдей колледж заманауи дүниелермен жабдықталады.

 

 

 

Бердимурат Баймухан