Құқық қорғау органдары

Қос велосипедті ұрлап, сатып жіберген

Ұрлап сатудың хас шебері. Өткен бейсенбіде облыс орталығының тұрғыны қос бірдей велосипедті бірінен соң бірін ұрлап, өзге адамдарға өткізіп жіберген. Баукеспе қолды қылған заттарын  айналасы 3 сағаттың ішінде сатып үлгерген екен.

25-ші маусым күні кешке қарай қала тұрғыны полиция бөлімінің жедел желісіне хабарласады. Бәзбіреулер оның баласының велосипедін ұрлап кеткен екен. Хабарды естіген тәртіп сақшылары бірден баукеспенің ізіне түседі. Жедел әрекет ету тобы жоғалған затты іздестіру барысында тағы бір ұрлыққа тап болады. Туыстарының үйіне қонаққа барған қала тұрғыны есік алдында қалдырған қос дөңгелекті көлігінің жоғалып кеткенін көреді. Оқиғаның барлығы Жеңіс саябағына жақын жердегі аулалардың бірінде орын алыпты. Полицейлер ізін суытып үлгермеген баукеспені көп ұзамай құрыққа түсірді. Ол 38 жастағы петропавлдық болып шықты. Оңай ақша табуды кәсіп қылған жан бұрын да осыған ұқсас қылмысы үшін сотталған екен.

Қолға түскен ер адам алғашқы велосипедті техникалық байқау станциясында 3 мың теңгеге сатып жіберіпті. Ал екіншісін кездейсоқ адамға 16 мың теңгеге ұстатып жіберген екен. Мамандар қос факті бойынша шығынның көлемі 92 мың теңгені құрайды дейді.

Ерлан Жантасов – Петропавл қалалық ПБ аға жедел уәкілі:

– Ұрланған велосипедтер қайтарылды. Аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айтуынша қылмыс жасауға ешқандай нәрсе кедергі болмапты. Өйткені, велосипед иелері өз заттарын тиісінше сақтамаған. Яғни, оны шынжыр немесе арқанмен байламаған дейді. Жалпы, жыл басынан бері Петропавлда 55 велосипед ұрлау фактісі тіркелген. Олардың тек 32-сі ғана иесіне қайтарылыпты. Осы орайда тәртіп сақшылары тұрғындарға қос дөңгелекті көлік құралдарын үйде немесе гаражда сақтау керек екенін ескертеді. Егер көшеде қалдыру қажеттілігі туындап жатса оны бейнебақылау камералары бар жерге қоюға кеңес береді.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан