Денсаулық сақтау

МӘМС-ке бірыңғай жиынтық төлем жасаңыз

Төтенше жағдай кезінде 39 мың солтүстікқазақстандық бірыңғай жиынтық төлем жасаған. Ал оған дейінгі бір айда міндеттерін 4 мың адам орындапты. Сондықтан, жерлестеріміз алдағы уақытта алған қарқыннан таймай, айына 2125 теңге көлемінде аударым жасаулары қажет.

Төтенше жағдай кезінде еліміздің денсаулық сақтау саласында бірқатар өзгеріс орын алды. Мәселен, ірі бизнестің – 10, ал шағын және орта бизнестің 29 санаты бірыңғай жиынтық төлем жасаудан уақытша босатылды. Олардың алғашқысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ертеңнен, яғни шілденің 1-інен, ал екіншілері қазанның алғашқы жұлдызынан бастап белгілі бір соманы аударулары керек. Ал қазіргі таңда аударым жасаудың қажеті жоқ. Тұрғындарға тиісті көмектің барлығы тегін көрсетіледі.

Қарлығаш Ілиясова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы бөлімінің сарапшысы:

– Осы кезең өткеннен кейін төлем жасамаған адамдардың МӘМС жүйесінде сақтандырулы деген мәртебесі болмайды. Сақтандырылмаған жағдайда тұлға тек бір пакетте тегін медициналық көмек алады. Сондықтан, солтүстікқазақстандықтарды төлем жасауға шақырамыз. Бірыңғай жиынтық төлемнің бірқатар артықшылығы бар.

Ол қандай артықшылықтар? Енді осыған жіті тоқталайық. Әр ай сайын 2125 теңге көлемінде ақша аударған адам толық медициналық көмекке тегін қол жеткізеді. Оның үстіне жұмысынан айрылған жағдайда әлеуметтік қолдауды иеленеді, болашақта жоғары базалы зейнетақы алады. Бір қызығы, төтенше жағдай кезінде өлкемізде төлем жасаушылардың саны бірнеше есеге артыпты. Мәселен, сәуір-мамырда 39 мың өңір азаматы ақша аударған. Ал оған дейін 1 айда 4 мыңға жуық тұрғын міндетті орындаған екен. Қазір МӘМС жүйесінде мобильді қосымша да бар. Соған тіркелу арқылы тұлға кеңес, сұрақ қоя алады, шағым білдіре алады.

Қарлығаш Ілиясова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы бөлімінің сарапшысы:

– Бізде “Қолдау” деген мобильді қосымша бар. Осы қосымшаны жүктеп алуларыңызды өтінеміз. Өтініштеріңіз, сұрақтарыңыз пайда болса, сол қосымшаға жіберуге болады.

Жалпы, маусымның 1-іне дейін 420 мыңға жуық солтүстікқазақстандық МӘМС жүйесінің қатысушысы атаныпты. Бұл – өңір тұрғындарының 76,7 пайызы. Сақтандырылмаған адамдардың саны 128 мыңға жақындайды.

Култанов Байболат