Мәдениет

26 жастағы солтүстікқазақстандық қысқа метражды фильм түсірді

26 жастағы солтүстікқазақстандық  қысқа метражды фильм түсірді. 14 минуттық бейнетуындыға “Ата” деген атау берген. Оқиға желісі шынайы өмірден алыныпты. Жас режиссер Дамир Макимкенов  ұрпағына қажетсіз болып қалған ақсақалдың ішкі уайым-қайғысын бейнелеу арқылы бүгінгі қоғамда жиі кездесетін мәселені көрсеткіміз келді дейді.

Бұл – “Ата” қысқа метражды фильмінің үзіндісі. Туындының авторы – Дамир Макимкенов есімді жерлесіміз. Азамат сценарийді үстіміздегі жылдың ақпан-наурыз айларында жазыпты. Ал мамырда түсірілімге кіріскен екен. Мұнда атасы мен туған немересі арасындағы қарым-қатынас баяндалады. Нақтырақ айтсақ, 70 жастағы қартты жақтырмайтын қыздың іс-әрекеті көрсетіледі.

Дамир Макимкенов – “Ата” қысқа метражды фильмінің режиссері:

 – Осындай фильм түсіруге мені бір қарияның тағдыры итермеледі. Қарттар үйінде тұратын егде жастағы ер адамды кезінде балалары мен немерелері тастап, Ресейге көшіп кеткен. Әңгіме барысында сол кісінің мұңы мен ренішін сезіндім. Сондықтан, осындай туынды жасап шығаруды шештім.

Шағын фильмнің ұзақтығы – небәрі 14 минут. 2 образ. Түсірілім Бескөлде өтіпті. Немеренің рөлін Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жас актрисасы Валентина Гронская сомдаған. Ал қартты Анатолий Наргеленас бейнелепті. Тәжірибелі актер туындыда қазіргі қоғамдағы өткір мәселе қозғалған дейді. Немересі атасын сыйламай, керек қылмай, ақыл-кеңесін құлаққа ілмейді. Актердің сөзінше бүгінде жастар үлкендерді қадірлеуден қалуда. Сол себепті, бұл фильм арқылы кейінгі ұрпаққа сәл де болсын ой тасталады.

Анатолий Наргеленас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Фильмдегі кейіпкер – шынайы өміріме қарама-қайшы. Шүкір, балаларым мен немерелерім жанымда. Олар мені ешқашан ұмытпайды, назарсыз қалдырмайды. Менің ойымша, ата-ана ұл-қыздарына бала кезден дұрыс тәрбие берулері қажет. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Кейінгі ұрпақ үлкендердің қадірін түсінуден қалып барады. Сондықтан, сәл де болсын өзіміздің іс-әрекетімізге қарап ойлануымыз қажет. Туындының мақсаты да сол – үлкенді сыйлау қажеттігін жүрекке жеткізу.

Туынды көрермендерге жергілікті телеарналар арқылы жол тартпақ. Қысқа метражды фильм Муниципалды телеарна эфирінен шілденің 4-і күні сағат 19:45-те көрсетіледі.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана