МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Шаһарда дезинфекциялау шаралары жалғасуда

Демалыс күндері карантин талаптарымен бірге шаһардағы дезинфекциялау шаралары да күшейді. Петропавлдағы 400-ге жуық аялдама мен 250-ден аса автобус зарарсыздандырылды.

Демалыс күндері карантин талаптары күшейтілді. Ойын-сауық орталықтары, супермаркеттер, сауда орындары жабылды. Тек дүкен, дәріхана сынды санаулы нысан ғана жұмыс істеді. Себебі айтпаса да түсінікті. Есесіне, көше кезіп, базар аралап жүргендер болмады. Мақсат та осы еді. Мұны шаһардың коммуналдық қызметтері сәтті пайдаланып алды.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Өткен демалыс күндері қала бойынша дезинфекция жұмыстары атқарылды. Барлық көшелер, аялдамалар, автобустар, тұрғын үйлер қамтылды. Екі күнде 384 аялдама мен 250-ден аса автобус арнайы дезинфекциядан өтті. Барлық көшелерде жұмыс атқарылды. 8 техника жұмылдырылып, шаруаға 40 шақты адам тартылды.

Ал көпқабатты баспаналардағы жұмысқа пәтер иелері кооперативі жауапты. Жалпы, қаладағы дезинфекция шараларының екінші легі маусымның 15-і, коронавирус күш алғанда қайта бастау алды. Содан бері күн сайын халық көп шоғырланатын орындар зарарсыздандырылуда. Атқарылып жатқан шаруаға солтүстікқазақстандықтар куә.

– Үйден шықпауға тырысамыз. Кеше Кәрім Сүтішев көшесінде атқарылып жатқан жұмысты көрдік. Асфальт пен балалар алаңқайын дезинфекциялады.

– Балаларымызбен саябаққа жиі барамыз. Бұл аумақтардың барлығы жіті тазартылады. Оны көріп жүрміз.

 

 

 

Эльмира Садвокасова