ҚоғамCOVID-19: Қазақстан

Петропавлда қатаң карантин режимінде үйлену тойын өткізгендер белгілі болды

Өткен демалыс күндері карантин ережелері қатаңдатылып, қоғамдық орындар жұмысын тоқтатты. Небәрі, 2-ақ күнге ғана. Бірақ, Петропавлда қойылған қатаң талапты ескермей, дүркіретіп той жасамақшы болған жандар белгілі болды. Қазір ортақ ережеге бағынбағандарға қатысты материал жиналып, іс сотқа жөнелтілді.

Серікбай Қасмақасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына туыстарының, достары мен әріптестерінің үйіне баруға шектеу қойылады. Және тұрғылықты мекен жайы бойынша отбасылық шараларды өткізуге тиым салынады.

Бұл өңірдің бас санитары Серікбай Қасмақасовтың өткен аптада шығарған жаңа қаулысы. Маусымның 27-сі мен 28-і күндері облысымызда карантин талаптары қатаңдатылды. Қоғамдық тамақтану орындары, қызмет көрсету нысандары жұмысын тоқтатты. Тіпті, туыстардың үйіне баруға және отбасылық іс-шаралар өткізуге де тыйым салынды. Бірақ, оны көрер көз, естір құлақ болса. Бас санитардың қаулысы қабылданғаннан кейін 2 күн өтпей жатып әлеуметтік желіде мына суретке тап болдық. Мұны қала тұрғындары телефонға түсіріп жүктеген екен. Оқиға Петропавлда болған. Ақ көйлек киген келін мен күйеубала шаһардағы мейрамханалардың біріне артқы есіктен тығылып кіріп бара жатыр. Бұған полицейлер де жедел әрекет етіп аталған орынға барады. Белгілі болғандай ол жерде үйлену тойы өтіп жатыпты.

Алишер Жармағанбетов – Петропавл қалалық ПБ аға инспекторы:

– Өткен демалыс күндері “Эмират” және “Конгресс” мейрамханаларында тойлар өткізіліп 100-ден аса адам шақырылды. Қонақтар тойға нысанның алдынан емес артқы жағындағы есігінен кірген.

Қазіргі күні ережені ескермеген мейрамхана басшылығы және той иелерінің ісі бойынша жиналған материалдар сотқа жіберілді. Мамандардың сөзінше той орындарының әкімшілігіне 100 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал бұл – шамамен 3 млн-ның маңайы.

Жалпы, мұндай жайттар өткен демалыс күндері еліміздің басқа да аймақтарында тіркелді. Мәселен, Алматы қаласында санитарлар мен тәртіп сақшылары дүркіреп жатқан тойдың үстінен түседі. Өршіп тұрған вирусты ойлаған ешкім жоқ. Ырду-дырду күлкі, музыка, жүрекжарды құттықтаулар мен тілектер. Бірақ, карантин уақытында мұндай тілектерден не пайда? Ең маңыздысы, бастың амандығы емес пе? Бұл туралы жерлестеріміз не дейді екен. Өздерінен сұрадық.

– Өзі немесе жақындары ауырмаған адам жағдайды мүлдем түсінбейтін сияқты. Қаншама ескертулер айтылып жатса да еститін құлақ жоқ. Бұл туыстарыңа және өзіңе деген жауапсыздық.

 

 

 

 Бердимурат Баймухан