ТЖ

Өңірде өткен аптада төтенше жағдайдан 2 тұрғын көз жұмды

Кесіліп жатқан ағаш тұрғынның ішін жарақаттап, салдарынан 60-шы жылы туылған адам ажал құшты. Жаға ұстатарлық оқиға өткен жұмада М. Жұмабаев ауданының орталығында орын алды. Тағы бір жағдай Петропавлда тіркелді. Мұнда 11 жастағы жасөспірім саусағына пышақтың ілгішін тағып, қайта шығара алмаған.

Ойыннан от шығады. Оған мына бір видео дәлел. Петропавлдық жасөспірім саусағына пышақтың ілгішін, яғни дөңгелек сымын тағып алып, шеше алмаған. Амал қалмағаннан ата-анасы құтқарушыларға қоңырау шалып, көмек сұрапты.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Бұл хабар бізге 28-ші маусым күні кешкі 20:00-де түсті. Құтқарушылар жеткен кезде 11 жастағы баланың оң қолындағы ортаңғы саусақ ісіп кетіпті. Металдан жасалған затты кесіп, жасөспірімнің саусағын босату үшін арнайы құрал қолданылды. Жарты сағаттың ішінде баланың саусағы босатылды.

Енді өткен апта өңірде орын алған басқа да жайттарға тоқталып өтсек.
Облыста өрт оқиғалары тыйылар емес. Маусымның 24-і Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Чернозубовка селосында 2 бөлмелі үй отқа оранды.

Құтқарушылардың сөзінше, мұнда баспананың иесі сіріңке немесе шылымды өшіруді ұмытып, мас күйінде ұйықтап қалған. Мамандар оқиға орнына 5 минуттың ішінде жеткенімен 38 жастағы ер адамды ажалдан аман алып қала алмады.

Өрт оқиғасы өткен жұманың соңында Булаево қаласында да орын алды. Абырой болғанда, бұл жерде адам өлімі тіркелген жоқ.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Маусымның 26-сы күні М.Жұмабаев ауданының орталығында 2 қабатты үйден өрт шықты. Құтқарушылар отқа оранған баспанадан 71 жастағы 3-ші топтағы мүгедек адамды терезе арқылы алып шыққан. Зейнеткер ұйықтап жатып жалынның бас көтергенін байқамай қалса керек. Өрт екінші қабаттың 100 шаршы метр аумағы мен жиһаздарын шарпыған. Оттың шығу себебі анықталып жатыр.

Бұл – өткен аптада Булаево қаласында тіркелген екі жағдайдың бірі. Екінші оқиға құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан орында болған. Мұнда араланған ағаш құлап бара жатып 60-шы жылғы азаматты жанай өткен. Қарын тұсы қатты зақымданған ер адам ауруханада қайтыс болды.

 

 

 

 

Маржан Касымбек