Спорт

Футболдан ел біріншілігі 1-ші шілдеде басталады

Бекітілген қаулы өзгеріссіз қалды! Бұған дейін интернет беттерінде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігі тамыздың 1-і күні басталатындығы жайлы хабар тарады. Бірақ, көпті күттірген чемпионат жоспарланған уақытта, яғни 1-ші шілдеде басталатын болып бекітілді.

Мәселенің мән-жайын толығырақ білу үшін «Qyzyljar» ФК-ның пресс-атташесі Сергей Игнатовқа хабарластық. Маман сәрсенбіде аяқдопшылар жасыл алаңға қайта шығатындығын хабарлады. 3-ші турда жергілікті спортшылар көкшетаулық “Оqjetpes”-ті қабылдайды. Кейін, Тараз қаласына аттанады. Қазір жігіттер бітіспес қарсыластарға қарсы матчқа қызу әзірленіп жатыр екен. Барлығы коронавирусқа қарсы анализ тапсырған. Қуанышымызға орай, бірде-біреуінен індет белгілері анықталмапты. Бірақ, карантинге байланысты кездесу жабық күйде өтеді.

Сергей Игнатов – «Qyzyljar» ФК пресс-атташесі:

 – Жанкүйерлер солтүстіктің дербиіне баланған матчты үйде отырып тамашалай алады. Ол үшін “YouTube” желісіндегі “PFLK TV” каналына қосылу қажет. Сол жерде тікелей көрсетілім ұйымдастырылады. Кездесу сағат 18:00-де бастау алады. Айта кеткен жөн, футболдан 1-ші және 2-ші лига командалары арасындағы ел чемпионаты тамыздың 1-і күні басталады деп жоспарланып отыр.

 

Култанов Байболат