Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Біргеміз” қоры 4-ші рет мұқтаж жандарға көмек көрсетпек

Мұқтаж жандарға қолдау көрсету жалғасады! “Біргеміз” қоры 4-ші рет 50 мың теңгенің жәрдемақысын табыс етпек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған ұйым  кезекті мәрте қолға алынатын игі шараның аясында 4 мыңнан астам солтүстікқазастандыққа көмек көрсетеді. Бұл жолғы материалдық жәрдем ауыл тұрғындарына қарастырылған.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Біргеміз» қоры құрылды. Ұйымның басты мақсаты – халықтың әлжуаз топтарына көмек көрсету. Бастапқы кезеңде 50 мың теңге көлеміндегі жәрдем қалада тұратын жалғызбасты қарттарға, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, жарымжан бала тәрбиелеп отырғандарға, ең төменгі зейнетақы алатындарға, жетім ұл-қыздарға және ҰОС қатысушылары мен тыл еңбеккерлеріне берілді. Кейін, осы 7 санатқа кіретін ауылдықтарға да қолдау танытылды.

Дана Сәлімқызы – тілші:

– Қиын-қыстау кезеңде «Біргеміз» қоры қазақстандықтарға 1 емес, 3 мәрте көмек көрсетті. Игі шара алдағы уақытта да жалғасын табады. Яғни, көп кешікпей шарапаты мол іс 4-ші рет ұйымдастырылмақ. Бұл жолы Елбасының тапсырмасы бойынша ауылдағы ағайынға материалдық жәрдем берілмек.

Осы орайда аз-кем статистикаға тоқталайық. Сәуір мен маусым айлары аралығында ұйымдастырылған 3-кезеңде 14 705 солтүстікқазақстандық отбасыға көмек көрсетіліпті. Оның бір бөлігі – қалалықтар, екінші жартысы – 7 ауданның халқы. Енді, игі шараның 4-ші толқынында қалған 6 ауданның тұрғындарына жәрдемақы үлестірілмек.

Гүлнәр Халықова – “Nur Otan” партиясы СҚОФ бөлім меңгерушісі:

– Таяу арада “Біргеміз” қорының 4-ші толқыны бастау алады. Жоспар бойынша 4 мыңнан астам солтүстікқазақтандық жанұяға көмек көрсетіледі. Ол үшін 209 млн теңгеден аса қаржы бағытталмақ.

Жалпы, 50 мың теңге көмек алушылардың тізімін әр өңірдің, ауданның әкімдігі өзі анықтайды екен. Жәрдемақыны алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Жаңа ғана айтылған 7 санаттың ішіне кірсеңіз, қаржы екінші деңгейлі банктер арқылы жеке тұлғаның картасына жіберіледі. Атап өтетін жайт, бұл үшін ешқандай комиссия ұсталмайды.

 

 

Ешкенова Дана