МТРА жаңалықтары

Өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасы асында 2500 адам білім алған

Өткен жылы «Бастау Бизнес» аясында 2 жарым мың солтүстікқазақстандық курстан өткен. Білім алушылардың 600-ден астамы 6 пайыздық үстемақымен несие рәсімдеп, өз кәсібін ашыпты. Тағы 1700-ге жуығы қайтарымсыз грантқа ие болған. Мемлекеттен қолдау көрген жандардың бірі Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында тұрады. Нұрлыбек Рахматоллаев қазір жылыжай орнатып, көкөніс өсірумен айналысуда.

Нұрлыбек Рахматоллаевтің әр таңы осылай басталады. Ол қазір әдеттегідей 2 жылыжайдың ішін суарып жатыр. Біреуінің ұзындығы – 30 метр, ал ені шамамен 6метрдей болады. 23 жастағы жігіт мұнда көкөністің түр-түрін егіпті. Аскөк, ақжелкен, пияз, райхан дейсіз бе, тамаққа ерекше дәм беретін дақылдардың барлығы бар. Бұл өнімдерге сұраныс жоғары екен. Әсіресе қаладағы ірі сауда үйлері күн сайын тапсырыс жасайды.

Нұрлыбек Рахматоллаев – Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Арам шөптерін жұлып, дәрі берем. Түстен соң күн салқындағанда көкөністерді жұлып, келесі күнге әзірлеймін. Бұл отбасымыздың шағын бизнесі.

Нұрлыбек бірде-бір рет бағбан боламын деп оймапты. Ол бала кезінен бокспен айналысқанды ерекше сүйген. Спортшы жігіт тек ел жарыстарында ғана емес, әлемдік додалардың да чемпионы атанған. Жоғарғы оқу орнында жаттықтырушы мамандығын игеріпті. Алайда осыдан екі жыл бұрын құрдасымен әңгімесі келіспей, жұдырықтасып қалыпты. Салдарынан 5 жылға бас бостандығы шектелген. Одан кейін арманының бәрін қойып, анасына қолғабыс етуді шешіпті. Сол үшін өткен жылы “Бастау Бизнес ” бағдарламасының курстарынан өтіп, 570 мыңның қайтарымсыз грантын алыпты.

Нұрлыбек Рахматоллаев – Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Алған грантымның үстіне ақша қосып 800 мың теңгеге 2 жылыжай орнаттым. Мұндағы тұқымдарға 8-9 мың қаржы жұмсадым.

Өткен жылы Нұрлыбек секілді өңірде 2500-ге жуық адам «Бастау бизнес » жобасы аясында тегін курстан өткен. Білім алушылардың 600-ден астамы 6 пайыздық үстем ақымен несие рәсімдеп, өз кәсібін ашқан. Тағы 1700-ге жуығы қайтарымсыз грантқа ие болыпты.Ал биылғы оқыту маусымы осыдан 16 күн бұрын басталған. Мамандар карантинге байланысты сабақты қашықтықтан беруде.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Биылғы жылы «Бастау бизнес» жобасы онлайн форматта жүзеге асырылып жатыр. «Атамекен» академия платформасында өткізілуде. Оқуға тіркелу үшін үміткер онлайн өтінім қалдырады. Ол үшін жеке куәлік және жұмыспен қамту орталығынан оқуға жолдама алады. Оқу мерзімі 25 күн. Қатысушылар үшін 12 модель бойынша 50 бейнасабақ қарастырылған.

Қазір “Бастау Бизнес” аясында өңір бойынша онлайн сабаққа 356 адам қатысуда.

Маржан Касымбек