МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызметкерлер облыстық онлайн байқауға қатысты

Өңірде Абай Құнанбаевтің 175 жылдығына орай облыстық онлайн байқау ұйымдастырылды. Сайыс 3 күнге жалғасты. Оған 40 мемлекеттік қызметкер қатысып, ұлы ақынның қаламынан туған туындыларды мәнерлеп оқыды.

Құжат әзірлеу, аударма жасау, тәртіп сақшыларына мемлекеттік тілде сабақ беру. Жанар Махатова қалалық полиция бөлімінде қазақ тілінің маманы қызметін атқарады. Таң атысымен жұмыс қызу. Бірақ, тәртіп бәріне бірдей. Сондықтан, атқарылған міндетті белгіленген уақытқа дейін орындау қажет.

Уақыттың тығыздығы мен жұмыстың көптігіне қарамастан Жанар Махатова облыстық онлайн байқауға да қатысыпты. Мына бір видеода ол Абай Құнанбаевтің қаламынан туған 2 бірдей туындысын мәнерлеп оқуда. Нәзікжандының өнері көптің көңілінен шығып Гран-при жеңіп алған.

Жанар Махатова – қалалық ПБ жетекші маманы:

– Онлайн байқауда мен «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі мен 1-ші қарасөзді оқыдым. Абайдың шығармаларын оқыған кезде өзіңе философиялық түйін аласың. Өзіңе ерекше әлем ашасың.

Абай Құнанбаевтің 175 жылдығына арналған онлайн байқау маусымның 15-і бастау алыпты. 18-і күні мәресіне жеткен. Сайысқа өңірден 40-тан астам мемлекеттік қызметкер қатысуға өтінім берген көрінеді. Талапқа сай үміткерлердің әрқайсысы ұлы ақынның өлеңін оқып, facebook-қа жолдаған. Желі қолданушыларының лүпілі мен қазылар алқасының ұпайын көп жинаған 20 адам үздік атанған. 3 бірдей қатысушы бас жүлдені қанжығалапты. Ал қалғандары 1-ші, 2-ші және 3-ші орындарды еншілеген.

Қайрат Садықов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің баспасөз хатшысы:

–  Мемлекеттік қызметкер жүзден жүйрік, білімді де, парасатты болуы керек. Мұндай қасиеттердің барлығын Абайдың өлеңдерінен табуға болады.

Елдегі ахуалға байланысты жеңімпаздарды марапаттау рәсімі әлі ұйымдастырылмапты. Жағдай тұрақталса, қатысушылардың барлығына Алғыс хаттар табыс етілмек.

Маржан Қасымбек