МТРА жаңалықтары

Маусымның 28-і – БАҚ қызметкерлерінің күні

Осы жексенбі кәсіби мерекелерін журналистика саласының мамандары атап өтеді. Маусымның 28-і – отандық БАҚ өкілдерінің күні. Әлемді әбігерге салған індет бас көтергенде қалам мен микрофон шеберлері үйде жатпады. Вирустың қаншалықты қауіпті екенін түсінді, статистиканы баян етті, өз денсаулығын қатерге тіге отыра талаптарды сақтаудың маңыздылығын жеткізуге тырысты. Тілшіміз Саят Ермек төтенше жағдай режимінде біздің арна ұжымының қалай жұмыс істегенін әрі өңір журналистикасын нендей мәселелердің толғандыратынын баяндайды. 

Саят Ермек – тілші:

– Коронавирус Қазақстанға жеткенде БАҚ та індетпен күрестің алғы шебіне шықты. Ақхалаттылар науқастарды емдеді, полицейлер тәртіпті қадағалады, ал біз олардың жұмысын көгілдір экранға шығардық, жұртшылыққа дәйекті әрі жедел ақпар жеткіздік. Көктемде елдегі эпидахуал күрт ушыққанда, ауру кетсінші, кейін төл мерекемізді маскасыз қарсы алармыз деп армандайтынбыз. Бірақ, олай болмады. Дәрігерлер мен тәртіп сақшылары сияқты журналистер қауымы да кәсіби мейрамын пандемия жағдайында қарсы алуда.

Сән-салтанатсыз, қол алысусыз. Құттықтаулар, сый-сыяпаттар пен алғыс хаттарды әріптестеріміз бүгін “қашықтықтан” қабылдауда. ТЖ мен карантин МТРА ұжымы үшін де нағыз сынақ болды. Біз демалысқа кетпедік, біз түсірілімдерге шықтық. Жағдай тіпті ушыққанда қашықтықтан да жұмыс істедік. Мәтінді үйде отырып, ал сұхбаттарды телефонға жазған кездер болды. Індет қанат жайса да, эфир үзілмеді.

Арна тілшісі Эльмира Сәдуақасова соңғы 4 айды кәсіби мансаптағы ең күрделі кезең санайды. Қандай түсірілім болмасын бетте маска, қолда перчатка – ыңғайсыз! Күн тәртібіндегі басты тақырып – КОВИД-19. Денсаулығын қатерге тігіп, провизорлық стационарға да бас сұққан кезі болды. Стресс, үрей, бірақ репортаж жасау керек. Алғаш рет қорғаныс костюмін киген Эльмира сол сәттегі сезімін былай түсіндіреді.

Журналистік қызметтің қиын тұстары орасан. Мұндағы жұмыс ырғағының шапшаңдығы соншалық, түсірілімдер арасындағы 15 минуттық үзілістерде түскі ас ішіп үлгеріп жатамыз. Тілшілер, операторлар, монтаждаушылар мен редакторлар – мұнда кездейсоқ адамдар жоқ. Бәрі мамандығын сүйеді, бәрінің көзінде – от. Журналист – мамандық емес, журналист – өмір салты. Сондықтан, саладан кеткендердің өзі көп ұзамай көгілдір экранға жиі қайта оралып жатады.

Байланыстырушы көпір. Халық үнін билік басындағыларға, ал биліктің айтарын халық құлағына жеткіземіз. БАҚ өкілдеріне жұрт тамсана қарайды, оларға сенеді. Бірақ, қызмет барысында туындайтын қиыншылықтар да аз емес.

Мұны айтудағы мақсат – мемлекеттік қызметшілерге топырақ шашу емес, ой салу. Халық – БАҚ – билік. Бұл үшеуі тиімді байланыста, бірлесе жұмыс атқара білгенде ғана салиқалы қоғамға бір табан жақындай түсеміз. Өзгесін білмейміз, біздің арнадағы көңіл күйге кәсіби мейрамның ойымыздағыдай өтпейтіні еш әсер етпеді. Редакцияда баяғыша қызу жұмыс. Тек әрқайсымыздың тілегіміз бір – жағдай тезірек тұрақталса екен.

Саят Ермек