ТЖҚоғам

Бүгінгі күннің батырлары

Кез келген жағдайда көмекке келетін батырлар – арамызда! Облыстық ТЖД ерлік көрсеткен солтүстікқазақстандықтарды марапаттады. Азаматтар отқа оранған баспана тұрғындарын құтқарып, мұзды суға түсіп кеткен балықшыны аман алып шыққан.

Амангелді Сұлтанов – үлкен жанұяның отағасы. Азамат күнде таңғы 5-те тұрып, үй шаруасына кіріседі. Мұндай режим мен қарияның батылдығы көктемде білдей бір отбасыны құтқарып қалды. Наурыздың 17-сі Халтурин көшесінің бойында орналасқан баспана отқа ораныпты. Төбеден шыққан қызыл жалынды байқап қалған Амангелді Қариұлы бірден көмекке ұмтылған.

Амангелді Сұлтанов – қала тұрғыны:

–  Екі кішкентай, бір 15 жастағы қыз бен аналары бір бөлмеге тығылып отыр. Үйдің екінші қабаты мен баспалдақ күйіп жатыр екен. Мен екі қызды алып шығып, үйге кіргіздім.

Ал қыздардың аналарын үйден шығару оңайға соқпапты. Нәзікжанды әбігерге салынып, құжаттарын іздеуге кіріскен. Абырой болғанда, оқиға жақсы аяқталды. Баспананың айтарлықтай бөлігі жанып кеткенімен, тұтас отбасы дін аман. Бұл – 68 жастағы Амангелді Сұлтановтың ержүректігінің арқасында. Батылдығы үшін қария Ішкі істер министрлігінің медалімен марапатталды. Құтқарушылар Никита Казаков пен Дмитрий Есиковтің де ерлігін атап өтті.

Дмитрий Есиков – Рассвет селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Наурыздың 23-і досымызбен Қызылжар ауданына қарасты Рассвет селосының маңындағы Есілдің жағасында серуендеп жүрген едік. Кенет айғайлап жатқан адамның даусын естідік. Жүгіріп барсақ, мұз жарылып, балықшы суға түсіп кетіпті.

Никита Казаков:

–  Мұздың үстімен ақырын жүріп, 5 метрдей қалғанда бауырымызбен жорғаладық. Сөйтіп, қолынан ұстап, судан шығарып алдық. Кейін үйге жеткізіп, шай бердік. Балықшыны танимын. Менің – көршім.

Осылайша, батыл және ержүрек Никита мен Дима 40 жастағы ер адамға екінші өмір сыйлады. Бірақ, өздерін батыр санамайды. Бұл – азаматтық парыз дейді.

Эльмира Садвокасова