Ерiктiлер

Жасылелдіктер қаланы қоқыстан тазалауда

2 күннің ішінде 60 қаптан аса қоқыс жинаған. “Жасыл ел” жасағының сарбаздары облыс орталығының түкпір-түкіпірін қоқыстан тазалауға кірісіп кетті. Қала бойынша 20-ға жуық жас жұмылдырылыпты. Белсенділер тұрғындардан  керексіз заттарды бейберекет шашпай, арнайы орынға апарып тастау қажеттігін өтінеді.

Сырты бүтін, іші түтін. Алыстан қарасаң әп-әдемі ғимарат, жақындасаң жағаңды ұстайсың. Айнала толған қоқыс. Тіпті, аяқ алып жүру мүмкін емес. Шашатын кімдер, жануар да емес, жел де емес, адамның өзі. Бөтелке, қағаз, қорап, табиғат үшін аса зияндысы – бірреттік пластик ыдыстар.

Мария Матвеевна – қала тұрғыны:

– Осы қоқыстың барлығын көпқабатты үй тұрғындарының өздері тастайды. Кеше де бір жігіт көз алдымда пластмассадан жасалған ыдыстарды лақтырып кетті. Әсіресе, күн қызғанда бұл дүниелер бірге қызып, маңайға күлімсі иіс тарайды.

Мұнда қоқыс жәшіктері жоқ емес, бар. Олардың 4-уі үйдің дәл жанында тұр. Бірақ, тұрғындар аяқ аттам жердегі контейнерге баруға жалығатын көрінеді. Қоқысты жолай ағаштардың арасына самсата салған. Қылығын жасыл желек жасырады деп ойлаған болар. Бұл олқылықты қазір жасылелдіктер түзеуде. Жас қыз-жігіттер беттеріне маска, қолдарына қолғап киіп алып, қоқысты қапқа жиып жүр.

Жансейіт Тастемір – “Жасыл ел” жасағының сарбазы:

– Айналаға қоқыс тастаған дұрыс емес деп оймаймын. Бұл-атмосфераны қатты ластайды.

Игі істі 20-ға жуық жас атқаруда. Белсенділердің арасында жасөспірім қыздар да бар екен. Солардың бірі – Тамара Сергеева. Ол жасылелдіктердің қатарына осыдан бір ай бұрын ғана қосылыпты.

Тамара Сергеева – “Жасыл ел” жасағының сарбазы:

– Пластилиннен жасалған заттар бірден жойылып кетпейді. Олар жер қыртысында біраз уақыт бойы сақталып тұрады. Сол аралықта бұл қалдықтар өзінен жағымсыз иіс шығарып қана қоймай, топырақтың құнарлылығын азайтады. Сондықтан, мұндай дүниелерді айналаға тастау – үлкен қателік. Табиғатты аялайық.

Жастардың мұнда жұмыс істеп жатқанына осымен 2-ші күн. Осы уақыт аралығында салмағы әр түрлі 60 қаптан аса қоқыс шығарған.

Азат Мұхамеджанов – қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Қаланы қоқыстан тазалау жұмыстарын кеше бастадық.Осыған дейін облыс орталығың шет жағында еңбек еттік. Пестрое көлінің жағасын тазаладық, маңайдағы ағаштардың ішін қоқыстан арылттық.

“Жасыл ел” жасағының жастары осымен тоқтап қалмайды. Олар алдағы күндері қаланың өзге де аумақтарын қоқыстан тазартпақ.

Бердимурат Баймухан