COVID-19: Қазақстан

Облыстық жедел жәрдем қызметіне қоңыраулар көп түсуде

Соңғы 4 айда облыстық жедел жәлдем орталығына қоңыраулар көп түсуде. Мамандар күніне мыңнан астам солтүстікқазақстандыққа қызмет көрсетеді. Тұрғындардың басым бөлігі денсаулығына қатты алаңдап, қауіпті ауруды жұқтырып алдым ба деп жайсызданады екен. Жедел жәрдем қызметкерлері тұрғындарға дүрбелеңге салынбай, маска тағып, қауіпсіздік шараларын ұстанса вирусқа шалдықпайтынын айтады.

Жанымыз сыздаса бірден ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінеміз. Дертімізге емін тауып бермегенше, тыным таппай кететініміз рас. Жедел жәрдем орталығында қазір жұмыс қызыған. Мұнда коронавирусты жұқтырып алмадым ба деген күдікпен денсаулығына алаңдап қоңырау соғатын жандар саны көбейіпті.

Асхат Өтебаев – облыстық жедел медициналық көмек орталығының бас дәрігері:

– Наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларында шақыру әдеттегіден 15 пайызға өсті.  Көбісінің дене қызуы көтерілген болады.

Расымен де бұрын орталыққа күніне шамамен 500-ге жуық адам хабарласқан екен. Мамандар олардың тең жартысына телефон арқылы кеңес берген. Ал қазір бұл статистика 2 еселеп өскен. Қызметкерлер таң атқаннан кеш батқанға дейін кем дегенде мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетеді. Шағым түссе, көмекке бірінші болып аттанатын жандардың бірі – фельдшер Ердос Алтаев. Жұмыс тығыз, бірақ жүктелген міндетті абыроймен атқару қажет.

Ердос Алтаев – облыстық жедел медициналық көмек орталығының фельдшері:

– Кейде қобалжу болады. Жұмыс кезінде түрлі жағдай орын алуы мүмкін.

Жалпы, облыс бойынша жедел медициналық көмек қызметінде 179 фелдьшер мен 16 дәрігер еңбек етеді. Мамандарды діттеген жеріне жеткізетін тағы 130-ға жуық жүргізуші бар.

Маржан Касымбек