Аптадағы маңызды жаңалықтар

Карантин қатаңдатылды

Карантин талаптары тағы да күшейтілді. Демалыс күндері үй маңындағы дүкен мен дәріханадан басқа нысандардың барлығы жабылады. Қоғамдық көліктердің де жұмысы тоқтатылады. Барлығына себеп – коронавирустың тез тарап бара жатқаны. Бүгінде өңірде ковид-19-ды жұқтырғандардың саны 700-ден асты. 40 пайызында клиникалық белгілер байқалады.

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың түзелетін түрі жоқ. Коронавирус аймақты толықтай шарпыды. Қазір әрбір ауданда індетті жұқтырғандар бар. Ал 5-уі соңғы күндері тіркелген науқастар санының көптігінен, тіпті, карантинге жабылды. Айыртау, Ақжар, Уәлиханов, Тайынша мен Ғ.Мүсірепов аудандарының шекараларында блокпостар орнатылған. Ешкімге кіруге де, шығуға да болмайды. Көрсеткіш геометриялық прогрессияда өсе беретін болса, аталған аудандарға туған күн күллі облысқа да туады дейді өңірдің бас санитар дәрігері.

Серікбай Қасмақасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 711-ге жетті. 40 пайызы – клиникалық белгілері бар науқастар. Соңғы 3 тәуліктің ішінде ғана өсім 46 пайызды құрады. Яғни, 216 жағдай тіркелді.

Ковид-19-ды жұқтырғандардың үштен бірі – науқастармен байланыста болғандар. Өкініштісі, сол – дені той тойлатып жүріп инфекцияға шалдыққан екен. Соған қарамастан қыз ұзату, құдалық пен қалжалар тыйылар емес. Шектеуге қарамастан қонақ шақырып жүргендерді қазір полицейлер мен санитар дәрігерлер анықтап жатыр. Құқықбұзушылықтардың басым бөлігі – Петропавлда. Теріс статистиканың көш басында тұрған да – облыс орталығы.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

–  Маусымның 20-21-сі рейд барысында 100 мекеменің жұмысы тексерілді. Нәтижесінде 16 материал жасадық. Жұмысын бұрынғы режимде жалғастырып жатқан 4 мейрамхана анықталды. Тағы 12-сінде карантин талаптары сақталмаған. Яғни, қызметкерлері маска кимеген, санитайзерлер орнатылмаған, әлеуметтік қашықтық сақталмаған. Бұл фактілерді соттың қарауына жолдамақшымыз.

Карантин талаптарын бұзған 1 дүкен, дәмхана мен сұлулық салонына қатысты сот шешімі шығарылды. Кәсіпкерлерге 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ол аз десеңіз, бизнесмендер жұмыстарын 1 ай бойы жүргізе алмайды. Той, қалжа мен тағы өзге де басқосуларды доғармайтындарды да осындай жаза күтіп тұр. Мақсат – іскер жандарды шығынға батыру емес, ковид-19дың таралуын ауыздықтау. Алдағы демалыс күндері күшейтілетін карантин қағидаларының енгізілгені де сондықтан. Сенбі, жексенбі аудан және қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобустар жұмысын тоқтатады. Үй маңындағы дүкендерден басқа сауда орындары, базарлар, сұлулық салондары екі күнге жабылады. Дәмханалар мен мейрамханалар дайын тағамды жеткізіп беруге көшеді. Мәдени, спорттық нысандар да тек дүйсенбіден ашылады. Демалыс күндері көрші-қолаң, туған-туыс, дос-жаранмен араласуға, тұрғылықты жерде іс-шараларды өткізуге де тыйым салынады.

Эльмира Садвокасова