Білім

ҰБТ-ға 5 түлек телефонмен кірмек болған

5 бірдей түлек айласын асырмақ болған. Өңірде Ұлттық Бірыңғай тестілеуге телефонмен кірген жастар ұсталды. Биылғы қатаңдатылған ережеге сәйкес олар сынақтан қуылды. Жалпы, бүгінге дейін 834 солтүстікқазақстандық емтихан тапсырыпты. Әзірге, ең жоғарғы нәтижеге Тимирязев ауданының түлегі қол жеткізген. Бойжеткен 128 ұпай жинапты. Тағы 30-ға жуық түлек көрсеткішті жүзден асырған.

Ұлттық бірыңғай тестілеу әрдайым қатаң тәртіппен өтеді. Биыл сынақ тапсырамын деп ниеттенген жастар үшін талап тағы да күшейтілді. Мектеп қабырғасында бойыңа сіңірген біліміңді ақтау үшін алдымен 5 бірдей тазалық шарасынан өту қажет.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Аудиторияға жастар екі метр арақашықты сақтап кіреді. Алдымен дезинфекциялық туннельден өтіп, аяқ киімді және қолын өңдейді. Дене қызуы өлшенгеннен кейін, маскасын ауыстырады. Сынақ тапсыратын кабинетте де әлеуметтік қашықтық сақталынады. Екі сағат өткеннен кейін түлектер бетперделерін ауыстырады.

Шпаргалка, телефон мен плейер. Емтиханды жақсы тапсырамын деген тапқырлар дәл осындай дүниелерді кіргізуге тырысады. Бірақ, түлек тек өзінің 11 жылдық біліміне сенуі тиіс, соны дәлелдеуі қажет. Сондықтан, бөгде заттардың бар-жоғы металл іздейтін құрылғымен анықталады. Табылып жатса, 140 ұпайды да, сынақты да ұмыта беруге болады. Айласын асырып, гаджетін аудиторияға кіргізетіндер үшін де шешім – бір. Смартфонын бұрынғыдай алып қоймайды, керісінше қолыңа ұстатып қайтарып жібереді. ҰБТ пысықай үшін сонымен бітеді. Ережелер туралы жастар талай рет ескертілді. Бірақ, құлақ аспағандар бар екен.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Ұялы телефон қолданған 5 бірдей түлек аудиториядан шығарылды. Олардың жинаған ұпайлары жойылды. Фактілердің екеуі – Ғ.Мүсірепов, екеуі Тимирязев аудандарында тіркелді. Талапты тағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі бұзды. Бұл түлектер биыл тест тапсыру құқығынан айырылды.

Телефонды сәтті қолданып, ұсталынып қалмағандарға да қуануға әлі ерте. Биыл барлық аудиториялардағы камералардың жазбалары тексеріледі. Шаруа тамыз айына дейін жалғаспақ. Потенциалды талапкер бола тұра, арам жиған ұпайларынан түлектер айырылуы мүмкін. Жеңілдіктер де жоқ емес. Мектеп бітірушілер мемлекеттік емтиханнан босатылды. Әрі сынақ кезінде калькулятор қолдану мүмкіндігін иеленді.

Бердимурат Баймухан