Құрылыс

Биыл Петропавлда 32 көпқабатты үй салынады

Биыл Петропавлда 300-ге жуық жер үй сүріліпті. Қазіргі күні олардың орнына көпқабатты баспаналар салынуда. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады. Яғни, жерлестеріміз ескі үйлерінің орнына жаңа пәтерге қол жеткізіп, қоныстарын тойлай алады. Бүгін арна тілшілері Жас өркен ықшам ауданында тұрғызылып жатқан 108 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын көріп қайтты. Мамандар аталған нысанды жыл соңында тапсырамыз дейді.

Бұл – қаладағы ең биік үйлердің бірі. Құрылысы өткен жылдың маусымында басталған екен. Оның орнында кезінде жеке тұрғын үйлер болыпты. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде шаруаның 60 пайызы тәмамдалып қалыпты. Іске жауапты – «Основание» серіктестігі.

Александр Милюшин, “Основание” ЖШС прорабы:

– Жұмысқа 60-қа жуық адам жұмылдырылған. Олардың ең төменгі жалақысы – 100 мың теңге. Барлық материалдар уақытында жеткізіліп жатыр. Бұл – 108 пәтерлік үй. Оның құрылысына 1 млрд 290 млн теңге жұмсалады.

Жаңа пәтерлердің кілті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кезекте тұрған салымшыларына табысталады. Жерлестеріміз қоныстарын биыл қыста тойлай алады. Мердігер кәсіпорын өкілдерінің айтуынша құрылыс жұмыстары уақытынан бұрын атқарылып жатыр.

Александр Милюшин, “Основание” ЖШС прорабы:

– Монолитті қаңқаны тұрғызу жұмыстары аяқталуға жақын. Кірпіш қалау 50 пайызға дайын. Сонымен қатар, электр, желдету, кәріз және су жүйесін өткізіп жатырмыз. Жақында ішкі әрлеу жұмыстарына кірісеміз. Негізі, нысанды 2021 жылдың наурызында тапсыруға тиіспіз. Бірақ, шаруаны осы жылдың аяғында түгел аяқтауға тырысамыз.

Биыл облыс орталығы адам танымастай болып өзгереді. Өйткені, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 30-дан аса жаңа тұрғын үй тұрғызылу жоспарланып отыр. Бұл -шамамен 3 мың пәтер деген сөз. Қазір баспаналардың көбісі ескі тұрғын жер үйлердің орнына салынып жатыр. Яғни, жеке баспаналар сүріліп, сол аумаққа көпқабатты үйлер тұрғызылады. Қазіргі күні қалада 283 ескі үй сүрілген екен. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 17,2 млрд теңге бөлініпті.

Бердимурат Баймухан