Қоғам

Теолог мамандарға оқыту семинары өткізілді

Адамдардың ой-санасын улап, жат ағымға жетелеу! 21-ші ғасырда бұл мәселе өте өзекті болып тұр. Сол себепті, қазір елімізде экстремизнің алдын алу жұмыстары ауқымды түрде жүргізіліп жатыр. Бүгін Петропавлда жергілікті теолог мамандарға оқыту семинары өткізілді. Жиынға алматылық білікті дінтанушылар қатысып, тәжірибелерімен бөлісті.

Дін атын жамылған неше түрлі лаңкестер халық арасында теріс пиғылда насихат жүргізіп, адамды экстремистік әрекет жасауға итермелейді. Біздің елде де жат ағымның жетегінде кетіп жатқан жандар баршылық. Олар қоғамға қайшы әрекеттерін өзге елдерде жүзеге асыруда. Мәселен, Сирия мемлекеті. Тура жол іздеймін деп, теріс арнаға түсіп кеткен жандарды қауіпті аймақтардан құтқару үшін былтыр Президент пәрменімен «Жусан» гуманитарлық операциясы басталған еді. Былтыр соғыс оты шарпыған Сирия елінен біздің облысқа 3 нәзікжанды оралыпты. Қазір олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Азаматшалар – ЕС-164/6 түзету мекемесінде. Санасы уланған жандарға дұрыс үгіт-насихат шараларын білікті теолог Айгерім Қасенова өткізеді.

Айгерім Қасенова – ЕС-164/6 мекемесі теологиялық-оңалту тобының аға инспекторы:

– Әр адамның – психологиясы әр түрлі болады. Олармен жеке сөйлесу арқылы тіл табысамыз. Сол кезде ғана ол кісі ашылып, ішіндегісін жайып салады. айтады. Бізде психологтар мен шешен адамдар да жұмыс жасайды. Алдағы уақытта жұмысымызды одан әрі дамытатын боламыз.

Өңірімізге отты аймақтан келгендердің барлығы – басқа облыстың тумалары. Араларында күйеулерінен айырылып, жесір қалғандар да бар. Олардың балалары қазір туыстарында не ата-әжелерінің қолында екен. Неге нәзікжандылар жазаларын өтеуге өз облыстарына емес, Солтүстік Қазақстанға жөнелтілді дейтін шығарсыз? Себебі, біздің өңірдегі діни ахуал тұрақты. Және жергілікті мамандар да жүктелген міндеттерін жоғары деңгейде орындап жүр. Бүгін теологтар білімдерін тағы бір мәрте шыңдап, профилактикалық жұмыстардағы жаңа инновациялық тәсілдердің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік алды. Оңтүстік астанадан келген үздік дінтанушылар жерлестерімізге біркүндік оқыту семинарын өткізді.

Кәкімжан Бишманов – «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» ҚҚ президенті, Алматы қаласы:

– Біз мұнда жергіліктегі насихат топтарын қайтадан даярлау үшін келдік. Өйткені, алдағы уақытта мекемелерге барып және халықпен жұмыс істейтін солар.

Мамандардың айтуынша, елімізде соңғы 1 жылдың ішінде теріс ағымның жетегіне еріп, басқа мемлекетке кету жағдайлары тіркелмепті. Бұл – құқық қорғау органдары мен үгіт- насихат топтарының халық арасында белсенді жүргізген жұмыстарының нәтижесі дейді.

 

 

 

Бердимурат Баймухан