Қоғам

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерді алу тәртібі түсіндірілді

Өңірлік тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мемлекеттік қызметтердің 13 түрін көрсетеді. Ведомствода түрлі санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың қорытындылары және бірқатар рұқсат қағаздары беріледі. Бұл жайлы бүгін аймақтық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтылды.

Қай мемлекеттік органда қандай мемлекеттік қызмет алуға болады? Мұндай түсіндіру брифингілерін өткізу тұрақты тенденцияға айналып барады.

Идея жақсы ғой, тек көбіне камера алдына отырған спикердің баяндамасын түсіну тіпті қиын. Кейде құрғақ статистика мен сансыз сандар, күрделі терминдерді естуге тура келеді. Халыққа түсінікті тілмен баяндау қажеттігі талай айтылуда. Бұл жолы санитарлар есеп берді. Тауар-қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылайтын департамент 13 мемлекеттік қызмет көрсетеміз дейді. Қандай?

Арман Күшбасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік туралы түрлі сараптама қорытындыларын, тамақ өндірісімен айналысатын кәсіпорындарға тіркеу нөмірлерін, тауарлардың жарамдылық мерзімі мен сақтау талаптары бойынша санитарлық-эпидемиологиялық тұжырым береміз. Сондай-ақ, біздің департаментте дәрі-дәрімекті ел аумағына кіргізуге және фармацевтикалық қызметпен айналысуға рұқсатнамаларды алуға болады. Санитар-эпидемиолог мамандардың біліктілік санатын көтеру бойынша құжаттар да бізде рәсімделеді.

Арман Күшбасовтың сөзінше, жыл басынан бері департамент 1100-ге тарта мемлекеттік қызмет көрсеткен. 100-ге жуық өтініш қабылданбапты.

Арман Күшбасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Қызмет алушылардың көбі тиісті құжаттардың бәрін жинамай келеді, жинағанның өзінде оларды дұрыс толтырмай жатады. Шатасып, салдарынан басқа қызметке тапсырыс беру жағдайлары да кездеседі.

Қызмет ақылы ма, жоқ па, ақылы болса құны қанша? Осы және өзге де ақпарды электрондық үкімет порталынан білуге болады. Манағы 13 мемлекеттік қызметтің түрлері мен атаулары да мұнда жазылған, сондай-ақ, сайт арқылы оларды алуға өтініш те қалдыра аласыз әрі көбі электрондық форматта қолжетімді.

 

 

 

 

Саят Ермек