Білім

Петропавлда ҰБТ-ның 3-ші кезеңі бастау алды

Петропавлда ұлттық бірыңғай тестілеудің 3-ші кезеңі бастау алды. Бүгін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға жергілікті 180 түлек жиылып, мектеп қабырғасында бойға сіңірген білімдерін тексерді. Биыл ҰБТ жүйесінде бірқатар өзгеріс орын алған. Сынақ кезінде талапкер тыйым салынған затпен ұсталса жинаған балы жойылып, залдан шығарылады.

Қала мектептерінің түлектері сынақты жылдағыдай М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің 5-ші оқу корпусында тапсырады. Дәл қазір олар әскери адамдар секілді қаз-қатар сап түзеп, 1 жарым метр арақашықтықты сақтап тұр. Іңкәр Ізтелеу қазақ-түрік лицейін тәмамдаған. Бойжеткен туризм мамандығын меңгергісі келеді.

Іңкәр Ізтелеу – талапкер:

– Қобалжу бар. ҰБТ-ның жаңа талаптарына сай дайындалғандықтан, бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Ойдағы балымды аламын деп үміттенемін.

Иә, Іңкәр секілді мұндағы басқа да ұл-қыздардың масқаты біреу. Ол – жоғары ұпай жинау. Қауіпсіздік шараларын да ұстану керек. Талапкерлер алдымен дезинцекциялық түнелден өтіп, қолдарын антисептикпен шаяды, дене қызуын өлшетіп, маскасын ауыстырады. Содан кейін барып темір тексергіштің жанында тыйым салынған заттардың бар-жоғы анықталады.

Маржан Қасымбек – тілші:

-Бүгін 180 түлек ҰБТ тапсырады. Ол үшін мына ғимараттағы 10 бірдей кабинет әзірленіпті. Бөлмелерде 20 жас пен мұғалімнен артық жан болмайды.

Алмас Кенжегалин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– Түлектердің тестілеуге кіргізілгенін, шыққан сәтіне дейін бейнебақылау арқылы тексеріліп отырады. Бейнежазба тамыздың 25-сіне дейін қайта қаралады. Егер қандай да бір қателіктер орын алса, талапкердің конкурста жеңген гранты жойылуы мүмкін.

Тағы бір айта кететіні, биыл талапкерлердің калькулятор қолдануларына рұқсат етілді. Тіпті, аудиторияда отырған 20 жастың әрқайсысы есептегіш құралды қажет етсе, сұраным қамтамасыз етіледі. Бұл қазіргі жағдайға байланысты онсыз да сынаққа қобалжып кірген түлекті қолдау десе де болады.
Елдегі жағдайға байланысты тестілеу орнына ата-аналардың қаумалап келуіне тыйым салынды. Десе де, бірі баласын, бірі туысын ойлап, үйде отыра алмаған жақындары алыстан көз қырын салып жүр. Түлекпен бірге толқитын ата-ананы түсінуге болады.

– Кеше қызым қатты уайымдады. Бүгін соны уайымдап менде қолдау көрсету үшін келіп тұрмін.

– С волнением пошла.

Жалпы, бүгін ұлттық бірыңғай тестілеу облыс бойынша 4 арнайы орында ұйымдастырылған. Сынақты 311 адам тапсыруда. Шілденің 4-іне дейін тағы 1 жарым мыңнан астам жас білімін сынайды. Ал нәтижесі тест өткен күні кешке талапкерлердің электронды поштасына жолданады.

 

 

 

Маржан Касымбек