Көлік және жолдар

Құдықтар мен суағарларды асфальт бетімен бірдейлеу жұмыстары жүргізілуде

Көлік иелеріне жолда ыңғайсыздық тудыратын мәселе шешілуде. Петропавл қаласының коммуналдық қызметтері құдықтар мен суағарларды асфальт бетімен бірдейлеуде. Облыс орталығында олардың саны 2 мыңнан асады. Бүгінге дейін шаруаның жартысы тәмамдалыпты.

Жуырда ғана біздің түсірілім тобы қақпағы қисайып, төменге түсіп кеткен құдықтар жайлы бейнематериал жасаған болатын. Ол сюжетте осындай люктердің салдарынан темір тұлпарларға зақым келетіні және апаттық жағдай орын алатыны туралы айтылды. Қазір бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Яғни, қала көшелеріндегі құдықтар жол деңгейімен бірдейленуде.

Мәселен, мынау – Нұрсұлтан Назарбаев көшесі. Мұнда бірнеше сантиметр төмен түскен құдықтармен қатар суағарлар да қалыпқа келтірілуде. Іс белгілі бір тәртіпке сай жүргізіледі. Мамандар алдымен суағарлардың маңындағы ескі асфальтты қопарып алып, жаңасын тегістеп төсейді. Шаруа бар-жоғы 8-10 минутта тындырылады. Атқарылып жатқан жұмысқа жергілікті «Тазартқыш, су таратқыш және су өткiзгiш ғимараттар» кәсіпорны жауапты.

Павел Булаев – «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар» МКК басшысы:

– Біздің қарамағымызда 700-ге жуық құдық, 900 суағар бар. Жыл сайын тексеріс жүргізіп, төмен түсіп кеткендерін бірдейлейміз. Мәселен, биыл 160 нысан жөндедік. Және мыңнан астамын тазарттық. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Жалпы, бүгінгі күні облыс орталығында 2 мыңнан астам суағар мен құдық бар екен. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, үстіміздегі жылы олардың барлығы жөндеу көрмек. Бүгінде жоспарланған жұмыстың жартысына жуығы тәмамдалыпты.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Алдыңғы жылдары мұндай көлемді жұмыстар жасалған жоқ. Тек қажеттілік туындаған жағдайда ғана құдықтар жөнделетін. Биылдан бастап қала әкімінің тапсырмасымен барлық құдықтар қалыпқа келтіріледі. Бұл жұмыстармен 5 коммуналдық мекеме айналысады.

Сөз соңында айта кетейік, шаһардағы құдықтар мен суағарларды жол деңгейімен теңестіру жұмыстары тамыз айына дейін жүргізілмек.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана