Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жерлестерімізге Мемлекет басшысының медалі табысталды

Бүгін Елорда төрінде «Біз біргеміз» жалпыұлттық онлайн форумы өтті. Алқалы жиында ел Президенті коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген қызметкерлерге алғысын білдіріп, бірқатар маманды «Халық алғысы» атты арнаулы медалімен марапаттады. Мемлекет басшысының наградасына солтүстікқазақстандықтар да ие болды.

42 мыңнан аса медициналық қызметкер, 10 жарым мың әскери және 52 мыңнан аса полицей мен 37 мыңға жуық волонтер. Білімді де білікті бұл азаматтар пандемияның алғашқы күндерінен-ақ алдыңғы шепте нағыз қайсарлық пен кәсіпқойлықтың үлгісін паш етті. Олар коронавируспен күресте өз өмірлеріне қатер төнгеніне қарамастан табандылық танытып қызметтерін жоғары деңгейде атқара білді.

Осыған орай бүгін елордада өткен «Біз біргеміз» жалпыұлттық онлайн-форумында осы мамандардың бірқатары жоғары марапатқа ие болды. Оларға Мемлекет басшысы тағайындағын «Халық алғысы» атты арнаулы медаль табысталды. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорданың төрінен тікелей байланысқа шығып, қауіпті індетпен күресіп жүрген жандарға алғысын білдірді. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары мен мемлекеттік қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен құқық қорғау органдарының қызметін де ерекше атап өткім келеді. Елдегі тәртіп сақшыларына аса маңызды міндет жүктеліп отыр.

Иә, оңай жұмыс емес. Жүктелген міндетті кәсіби түрде атқарып Президент атынан медаль алғандардың қатарында петропавлдық Станислав Алифиренко да бар. Ол полиция қызметкері болып еңбек етеді. Төрткүл дүниені жайлаған індет елде пайда болғаннан бастап азамат 6 жасар қызымды өзім бағып отырмын дейді. Өйткені, отанасы медбикеболып жұмыс жасайды екен. Пандемия бастала салысымен ерлі-зайыптылар екі жақта қауіпті індетпен күреске шығады. Отағасы блокпосттардағы жағдайды бақылап, әрлі-берлі ағылған көліктерді тексереді, ал келіншегі ауырған жандарды емдеу үшін қызын әкесіне тапсырып, ауруханада дәрігерлерге көмектесуде.

Станислав Алифиренко – Петропавл қалалық ПБ 1-ші полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:

– Коронавирус келісімен қызметіміз қиындай түсті. Басында қатты үрейленген едік. Бірақ, қазір кішкене үйрендік. Әйелім болса науырыз айынан бастап ауруханада адамдарды емдеуге атсалысып жүр. Қазір шамамен 3 ай болды. Басында үйге 1 аптаға ғана келіп кеткен еді. Қызым анасын сағынды. Күнде кешке видеобайланыс арқылы сөйлесіп отырып ұйықтайды. Коронавирусты тезірек жеңсек екен деп тілейміз.

Әлемді дүрбелеңге салған вируспен күресте өнер иелерінің де атқарған үлесі орасан зор. Төтенше жағдайда азаматтар күнделікті барып жүрген театр, кітапхана, кинотеатрлар жабылды емес пе? Бірақ, жергілікті өнерпаздар жерлестерімізге мұны сездірен жоқ десек те болады. Мәселен, Петропавлдағы «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің өкілдері тұрғындарға арнап түрлі онлайн концерт пен шеберлік сағаттарын өткізді. Ал Қайырлы Ғафуров есімді ағамыз сол ұжымға 20 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. Өнер иесінің еңбегі еленді. Талантты азамат бүгін Мемлекет басшысының «Халық алғысы» атты арнаулы медалін алды. Айтуынша бұл – марапат өзінің ғана емес, барлық ұжымның жүлдесі.

Жалпы, «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің ұжымы бүгінге дейін 30-ға жуық онлайн концерт пен 8 шеберлік сағатын өткізіпті. Бастама әлі де жалғасын табуда. Сондай-ақ, өнер иелері биыл ұжымның 20 жылдығына орай жерлестерімізге республикалық деңгейде ауқымды концерттер бермекші екен. Әрине, егер вирус жойылса ғана. Сол себепті, талантты жандардың да тұрғындарға айтар өтініші бар. Ең бастысы, санитарлық талаптарды қатаң сақтап, індетпен күресте жұмыла әрекет ету қажет.

 

 

Бердимурат Баймухан