МТРА жаңалықтары

Спортсүйер жерлестеріміз қашықтықтан өткен сурет салу байқауына қатысты

“Олимпиада балалық шақтан басталады”. Ұлттық Олимпиада комитеті осындай атаумен ел көлемінде сурет салу байқауын ұйымдастырған. Сайыс қашықтықтан өткен, қатысушылардың жұмысы комитеттің сайтында ашық дауыс беру арқылы бағаланыпты. Үздіктердің біреуі – біздің жерлесіміз. Станислав Алерт 3-ші орынды иеленген.

Станислав Алерттің қанық түстермен салынған суретінде арманына жеткен бала мен оған қолдау көрсетіп келе жатқан ата-анасы бейнеленген. Туынды республикалық байқаудың үздік үштігіне енді.

Станислав Алерт – байқау жүлдегері:

– Өзім спортқа жақынмын. Сол себепті, спортшы үшін ата-анасының қолдауы қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Суретте баласын көтерген күйі мәре таспасын үзген отбасыны бейнеледім. Шабыт деген осы ғой, кеш қарайғанда бастаған жұмысымды түні бойы ұйықтамай, таң ата аяқтадым.

Республикалық сайысқа өңірімізден үміткерлерді іріктеу үшін ең алдымен облыстық деңгейде конкурс ұйымдастырылыпты. Соған қатысушылардың бірі – Фархад Қыстаубаев. Жеңіл атлетикамен айналысатын жас сурет салуды да жаны сүйеді. Студенттік шағында портреттер салып жүрген. Осы жолы оған өзінің шығармашылық қабілетін көрсетуге мүмкіндік туыпты.

Фархад Қыстаубаев – байқаудың облыстық кезеңіне қатысушы:

– Бұл суретті салуға 2 тәулікке жуық уақыт жұмсадым. Акрил және гуашь бояуларын қолдандым. Өзім балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 70-ке жуық баланы жаттықтырамын. Суретте Олимпиада чемпионы болуды армандайтын бала мен жеңіл атлетика спортшыларын бейнеледім.

Спорт әлеміне арналған суреттер Александр Винокуров спорт сарайының ішіне көрік беріп тұр. Туындылар алдағы болатын жарыстардың қатысушыларына қолдау білдіріп тұрғандай.