Көлік және жолдар

Мамлютка қаласындағы жолдарды жөндеуге 800 млн теңге бағытталған

Биыл Мамлютка қаласындағы жолдарды қалыпқа келтіру үшін республикалық және облыстық бюджеттен 800 млн теңгеден аса қаржы бағытталып отыр. Қыруар ақшаның бір бөлігіне қаладағы 5 көше оңдалады. Ал қалғанына аудан орталығының сыртынан  айналмалы жол салынып жатыр. Себебі, ауыр жүк таситын көліктер үшін арнайы трасса жоқ екен.

Бұл – Мамлютка қаласының орталық көшелерінің бірі. Гүрілдеген техника асфальтты қопару үстінде. Мұнда жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша дәл осы Ленин көшесі жарты ғасырдан бері мүлдем оңдалмаған екен. Биыл тозығы жеткен 2 км-ден аса жол қайта қалыпқа келеді. Бұл бағытқа республикалық және облыстық бюджеттен 115 млн теңге бағытталыпты.

Серік Бакеев – Мамлютка қаласының әкімі:

 – Бұл көшеде Прокуратура, Сот, Полиция бөлімі, мәдениет үйі мен мұражайлар орналасқан. Және осы жол арқылы Ресейге шығады.

Мамандар жолды заманауи әдіспен қалыпқа келтіреміз дейді. Яғни, ескі асфальттың қыртысы үгіледі, кейін оның үстіне қиыршық тас пен цемент төгіп бетондалады екен.

Андраник Сакунц – «Гегарт» ЖШС дректоры:

– Жол қираған, жағдайы өте нашар болды. Салынғаннан бері жөндеу көрмеген. Бүгінде біз оны фрезерледік. Және үстіне жаңа материал қосып, бетондадық. Алдағы уақытта 2 қабат асфальт төсейміз. Жұмысты Победа көшесінен бастап Ленин көшесінің соңына дейін жүргіземіз. Қазіргі күні шаруаның 50 пайызға жуығын тәмамдадық.

Маусымның 1-і күні басталған шаруа айдың соңында аяқталып қалуы тиіс. Мұндай тоз-тоз болған жолдар Мамлютка қаласында көп. Ауыр жүк көліктерінің барлығы қала ішімен қатынайды екен. Салдарынан асфальт та бүлінеді. Ұн комбинаты, аудандық орталық аурухана, мектеп пен орталық жылыту қазандығы секілді объектілерге апаратын арнайы трасса жоқ. Яғни әлеуметтік маңызды нысандарға бидай мен көмір жеткізем деген көліктер салмағымен жолды қиратып тастайтын көрінеді. Мәселені шешу үшін қаланың сыртына айналмалы жол салу қолға алыныпты.

Владимир Мочалов – «КоммунСтройСервис» ЖШС директоры:

– Бұл жер батпақ пен су. Салынған трасса бүлінбес үшін біз оның іргесін нығыздаймыз. 2 км жолдың іргетасын беріктеу жұмысы шілде айының ортасына дейін жүргізіледі. Қазір мұнда құм мен шойтас төгіп жатырмыз. 380 метрдей салып қойдық.

Шаруа 2 жылға дейін созылады екен. Мамандар әуелі жолдың іргетасын беріктейді. Ал екінші кезеңде асфальттың өзін төсей бастайды. Бұл жұмысқа 513 млн теңге бағытталыпты. Сондай-ақ, биыл Мамлютка қаласындағы тағы 4 көше қалыпқа келтіріледі.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан