МТРА жаңалықтары

Мамандандырылған ХҚКО-да жемқорлыққа жол ашық па?

Облыстағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында парақорлық тәуекелдері аса жоғары. Жемқорлыққа қарсы жергілікті департамент осындай түйін жасап отыр. Петропавлдағы “АвтоЦОН” жұмысына мамандар сыртқы анализ жүргізіпті. Оның қорытындысы бүгін жарияланды. Нәтижесінде, нөмір беру мен темір тұлпарды тіркеу сынды сұрақтарды қызметкерлерге ауыз бастырық беру арқылы шешуге болатыны анықталған.

“ZOOM”-дағы конференция белгіленген уақыттан кешірек басталды. “Антикор” өкілінің орнына бағдарлама кеңістігіндегі тыңдаушылардың бірі әріптесімен бір нәрсені қызу талқылап әлек. Микрофонды өшіруді бірнеше рет өтінуге тура келді.

Сайып келгенде мамандарға босқа әңгіме-дүкен құрғанша, жемқорлыққа қарсы қызметті тыңдаған жөн болар еді. Өйткені “Автоцон”-да парақорлық қауіптері әсте аз емес. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында көліктің тіркеу нөмірі беріледі, машина есепке қойылады және жүргізуші куәлігін алуға емтихандар тапсырылады. Тек мұның бәрін біреуге ақша төлеп тындыруға алғышарттар көп. Бұл сыртқы анализ барысында анықталған. Мәселен, темір тұлпарына тегін әдемі нөмір аламын дегендерден кей пысықай қызметкерлердің сыйақы сұрауы әбден мүмкін.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының жетекшісі:

– Мәселен, сіз өз машинаңызға нөмір таңдауға келдіңіз делік. Бос нөмірлердің бәрі арнайы базада болуы тиіс. Бірақ, маман ең әдемілерін онда енгізбей, әдейі сақтап қалуы мүмкін. Кейін сол нөмірлерді сізге көрсетіп, алғыңыз келсе маған ақша беріңіз деп талап етуі ғажап емес.

Мұндай фактілер әзірге тіркелмеген, бірақ орын алмады деп те айтуға келмейді. Яғни, тәуекел аса жоғары. Сондықтан, қызметкерлер нөмірлерді базаға қалаған кезінде енгізе алмайтындай қылу керек дейді жемқорлыққа қарсы ведомство өкілдері. Бұл – бір. Екіншіден, заң бойынша темір тұлпар қозғалтқышының көлемі қаншалықты үлкен болса, транспорттық салықты да соншалықты көбірек төлеу керек. Алайда, пара беріп алым мөлшерін түсіруге болмайды емес, болатын сыңайлы. Көлікті тіркеуге қояр кезде де қитұрқы әрекеттер жасау мүмкіншілігі жоқ емес.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының жетекшісі:

– Көлігіндегі қозғалтқыштың сыйымдылығы 4 литр болатын азамат 2 литрлік машина иесіне қарағанда салықты 300 мыңға артығырақ төлейді. Сондықтан, кейбірінің бұл соманы қысқартқылары келетіні жасырын емес. Теория ретінде келтірер болсақ, олар орталық маманына пара беріп, сыйымдылық, мәселен, 4 емес, 2 литрлік деп жаздыртуы ықтимал. Өйткені, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері темір тұлпар жайлы деректерге өзгеріс енгізе алады.

Иә, техникалық сипаттамаларға өзгеріс енгізуге болады, бірақ тек қажет жағдайларда ғана. Алайда, бұл мүмкіндікті адамдардың жөнсіз пайдаланып жатпағанына кім кепіл?!

Саят Ермек – тілші:

– Ал жүргізуші куәлігін алу үшін автодромда емтихан тапсырған кезде, үміткердің әр іс-қимылын бейнекамера түсіріп тұрады. Бірақ, олар істен шыққан болса да, сынақ нәтижелерін “оң” деп тануға бұл кедергі емес. Олай болса, емтиханға көлік басқаруды жаңа үйренген жанның орнына тәжірибелі жүргізушіні өткізіп жіберуге болады емес пе? Жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы бұл тәуекелдердің бәрін тез арада жою керек дейді.

 

 

Саят Ермек