Коронавирусты жұқтырғандардың саны 613-ке жетті

COVID-19: Қазақстан

22:01 23 Маусым 2020

Елімізде – коронавирус, ал оған кезікпеген жандар қыз ұзату, құдалық пен шілдехана жасап әлек. Тойдың болғаны жақсы ғой, әрине. Бірақ, дәл осы – ел үшін қысылтаяң шақта бұның бәрін сәл шегере тұрса болар еді. Қазақстанға көктемнің басында келген індет күннен-күнге тарап барады. Әсіресе, адам көп жерде күш алады. Осы орайда ақ халаттылар жерлестерімізді жауапкершілікке шақыруда. Маусым айындағы статистиканың күрт өсуі – тұрғындардың немқұрайлылығының салдары дейді мамандар. Бүгінде өңірде ковид-19-ды жұқтырғандардың саны 613-ке жетті. Олардың 232-сінде клиникалық симптомдар байқалады.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

 – Коронавирус – жоқ! Бар болса, неге мен ауырып қалған бірде-бір науқасты білмеймін. Күнделікті әлеуметтік желідегі парақшамызға осындай пікір жазады тұрғындар. Білмегеніміз жақсы емес пе? Өкінішке қарай, жағдай сағат сайын ушығып барады. Елде ғана емес, ахуал өңірде де мәз емес. Клиникалық симптомдары жоқ және ауруханада ем алып жатқан науқастардың арасынан тамыр-таныстарымыз шығуда. Үйде карантинге жабылған жақындарымыз да жоқ емес.

Сейсенбілік статистика: аймақта ковид-19-ды жұқтырғандардың саны 613-ке жетті. Олардың ішінде 232-сінде клиникалық симптомдар байқалады. Бірақ, күн сайын шарықтап бара жатқан сандар да сендірмейді оларды. Қарапайым ОРВИ-ді коронавирус ретінде тіркеп жатыр деп санайды кейбіреуі. Иә, аурулардың белгілері ұқсас, бірақ салдары мүлдем басқа.

Юлия Гупало – қала тұрғыны:

– Екі апта бұрын менің дене қызуым көтеріліп, басым ауыра бастады. Бір жұма бойы үйде емделдім. Антибиотиктер қабылдадым. Ештеңе көмектеспеді. Жедел жәрдемді шақырттым. Дәрігерлер келіп, менен коронавирус инфекциясына анализ алды. Содан кейін де үйде 2 күн жаттым. Таңертең тұрғанда, әлсіздіктен есімнен танып қалдым.

Анализ оң нәтиже көрсеткен. Өкпенің қабынуы, жөтелмен Юлия Гупало қазір инфекциялық бөлімшеде ем алып жатыр. Араға бірнеше күн салып ауруханаға 18 жастағы ұлы жеткізілген. Ана үшін де ауыры осы емес пе?

Юлия Гупало – қала тұрғыны:

– Айтарым, денсаулықтарыңызға бейжай қарамаңыздар. Коронавирус инфекциясы қалжың емес. Әрдайым қорғанып жүріңіздер. Себепсіз көшеге шықпауға тырысыңыздар. Егер әлсіздікті сезініп, дене қызуыңыз көтерілсе, үйде қалып, оқшауланыңыз. Дәрігерлерді шақыртыңыздар. Немқұрайлық танытсақ, ертең салдары жаман болады.

Қос петропавлдықтың жағдайы қазір жақсарып келеді. Олардың жолы болды. Ауру асқынбай, кері шегінуде. Ал өзге науқастардың арасында қазір ажалмен күресіп жатқандары бар. Бірінші қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесінде 105 адам ем қабылдауда. Ковид-19 анықталған 9 бала да дәрігерлердің бақылауында.

Ботагөз Сүлейменова – №1 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Қазір жан сақтау бөлімінде 6 адам жатыр. Олардың үшеуінің жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Екі науқастың негізгі патологиялары бар. Ал үшіншісіне ковид-19-дың тым ушығып кетуі себеп. Азамат Ресей Федерациясынан вахталық әдіспен жұмыс істеп келген. Маусымның 14-інен бастап үйде өздігінен емделіпті. Инфекциялық бөлімшеге тек 6 күннен кейін ауыр жағдайда жеткізілді.

Бүгінде ақ халаттылар әрбір науқастың өмірі үшін күресуде. Жуырда осындай күрестің бірін дәрігерлер жеңіп шықты.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 29 мамырдан бастап өте ауыр жағдайда жатқан науқасты кеше ауруханадан шығардық. Бірнеше патологиясы болды. Азаматша онкологияға шалдыққан. Одан бөлек артериалды гипертензия мен қант диабеті де бар. Сондықтан, емдеу қиынға түсті. Бірақ, біздің білікті дәрігерлердің арқасында нәзікжанды коронавирустан жазылып шықты.

Коронавирус потенциалды науқастарды талғамайды, таңдамайды. Егде жастағы қариялар да, сап-сау, жүгіріп жүрген жастар да, кішкентай балалар да ковид-19-ды жұқтыруда. Сорақысы сол – індет қала ішінде бізбен бірге қыдырып жүр десе де болады. Көзге көрінбейді, сезілмейді.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Адамдардың дені аурудың барына сенбейді. Сондықтан, қалыпты өмірге оралған. Қыдырғылары келе ме, достарымен кездескілері келе ме – бәрібір. Қаланы карантинге жабасыздар ма деген сұрақты өте жиі қояды. Әйтпесе, ауылға баруым керек еді, алда бір той, туған күн болады деп айтады. Яғни, режимді мүлдем сақтамайды.

Шынымен де, қазір тұрғындар жаппай той тойлатып жатыр. Біреуінде қыз ұзату, құдалық, мерейтой мен шілдехана, тұсаукесер. Індеттің өршіген кезеңінде 50-100 адам былай тұрсын, екі-үш адамның жиналып қонаққа баруының өзі қауіпті. Той-домалақтың құны сіздің және жақындарыңыздың денсаулығына пара-пар емес қой. Өзіңізге және жақыныңызға жанашыр болыңыз!

 

Эльмира Садвокасова

Бұдан әрі оқыңыз

Өңірде коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты
Солтүстікқазақстандық оқушылардан коронавирус инфекциясы табылды
СҚО-да 5 мың медицина қызметкеріне үстемеақы төленген
Петропавлда демалыс күндері қоғамдық көлік жұмыс істейді