Құқық қорғау органдары

“Қауіпсіз жол” жедел-алдын алу іс-шарасының нәтижесі

Жүргізушілер мен жолаушылардың көбі қауіпсіздік белбеуін тағуға құлықсыз. Өңір тәртіп сақшылары бұған кезекті мәрте  арнайы ұйымдастырылған “Қауіпсіз жол” рейді кезінде көз жеткізген. 4 күннің ішінде өңірде мұндай 400-ден астам жайт тіркеліпті. Полиция қызметкерлері көлікте белбеу тақпаған адамға 14 мың теңгеге жуық айыппұл салынатынын ескертуде.

Бұл әрекеті жолда жүру ережесін бұзу болып саналатынын білсе де қолынан телефонын тастамайтын жүргізушілер аз емес. Елеңдеп отырған кезде апат тудыруы әбден мүмкін. Облыс орталығында 4 күннің ішінде көлікті басқарған күйі құлағына телефон тосқан 250-ден астам адам анықталған.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚ басқармасының аға инспекторы:

 – Аталған іс-шара барысында жалпы 2202 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 294 бұзушылық – жылдамдықты асыру, 32 бұзушылық – көлік құралын мас күйде жүргізу.

Тағы 32 жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетсе, 55-і маневр жасау ережесін бұзыпты. 45 темір тұлпар иесі жаяу жүргінші жолағынан өтіп бара жатқан адамдарды өткізбеген. Тәртіп сақшыларының айтуынша ең жиі кездесетін тәртіпбұзушылық – көлік ішіндегі жандардың қауіпсіздік белбеуін тақпауы. 4 күннің ішінде өңірде мұндай 400-ден астам жайт тіркеліпті.

 

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана