Мәдениет

“Қасиетті Қазақстан” жинағының 4-ші тобы жарық көрмек

“Қасиетті Қазақстан” жинағының 4-ші томы жарық көрмек. Оған өңірдегі 33 киелі орын мен 50 ескерткіш жайлы деректер де енгізілмек. Құнды мәліметтерді өңір тарихшылары қазір зерттеп-зерделеп, толықтырып жатыр.

Солтүстік Қазақстан – қасиетті нысандарға бай мекен. Мәселен, бір Ботай қонысының өзі қазақ тарихының айнасы іспеттес. Баршамызға белгілі, дәл осы жерде жылқының қолға үйретілгендігін мамандар бірнеше жыл бұрын дәлелдеп шықты. Дала жануарын өзіне бағындыра білген ата-бабамыз оның бар пайдасын да көре білді. Яғни, аурудың қырық түріне ем болатын қымызды ойлап тапты.

Жанат Баймусинов – Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы басшысының орынбасары:

– Ботайда жылқыны қолға үйретті. Оған дәлел – жылқы тістерінің қажалғандығы. Ботайда ежелгі адамның қымыз жасағаны көрінеді. Өйткені, ыдыстарында қымыздың ізі қалған.

Өңірдегі киелі нысандар тізімі осымен үзілмейді. Лекті Қарасай мен Ағынтайдың Айыртау ауданындағы кесенесі мен қаладағы ескерткіші жалғастырады. Қос батырды қазақ елі қашанда қадір тұтып, қастерлеп келді. Тарихи деректерге сүйенсек, олар иық тірестіріп 200-ден астам шайқасқа қатысыпты.

Жанат Баймусинов – Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы басшысының орынбасары:

– Бір шайқастары Каспий теңізінің жағасында өткен. Ұрыста қазақ пен қалмақ батырлары жекпе-жекке шығады. Ағынтай батыр 17 рет, Қарасай 9 рет шайқасады. Соңғысында Қарасайдың қылышы сынып қалыпты. Сонда Ағынтай қалмақты жұдырығымен ұрып, талдырған.

Өңірде 33 нысан киелі деп саналады. Оның 8-інің республикалық маңызы бар. Облыста тағы арнайы құрылған тізімге 50 ескерткіш енгізіліпті. Оның барлығы туралы дерек алдағы уақытта “Қасиетті Қазақстан” атты жинаққа басылып шықпақ. Жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған жүзеге асырылып жатыр.

Маржан Касымбек