Құқық қорғау органдары

Маусымның 23-і – отандық полиция күні

Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн олар – қоғамдық тәртіп күзетінде. Маусымның 23-і, яғни ертең, отандық полицейлердің кәсіби мерекесі. Осыған орай әріптесім Саят Ермек сан түрлі қылмыстың бетін ашып, кінәлілерді анықтайтын маманмен тілдесіп қайтқан еді.

Саят Ермек – тілші:

– “Өскенде кім боласың?” Бұл сұрақты естімеген бала бұл әлемде жоқ шығар, сірә. Мен мақтанышпен “мұғалім боламын” дейтінмін. Бірақ, тағдыр журналистикаға алып келді. Бұлдырлап, балғындардың бірі дәрігер, бірі өрт сөндіруші боламын дейді. Ал ұлдардың арасындағы ең танымал жауаптардың бірі мынадай.

Ал Эрик Байтасов болса бала кезінде шен тағамын деп, тіпті, армандамаған еді. Полицей атану туралы шешімді ақыл тоқтатқан жаста қабылдаған. Көп бала тамсана қарайтын “милиционер” ағайлардың бірі – осы азамат. Аға тергеуші қылмыс орын алған жерге алғашқы болып барады, ақиқатты іздейді. Кісі өлімі, ұрлық, алаяқтық – мамандықтағы 13 жыл ішінде ол талай қылмыстың бетін ашқан.

Эрик Байтасов – СҚО ПД тергеу басқармасының аға тергеушісі:

– Міндетім – ақиқатқа жету. Бір жолы алаяқтық фактісін тергедім. Жұбайының емі үшін жұрттан ақша жинаған келіншекті пысықай телефон арқылы алдап, шоттағы қаражаттың бәрін жымқырып кеткен. Қылмыскерді іздеп жүріп, Шымкенттен таптық. Осындай сәттерде мамандығымның шынымен маңызды әрі керек екенін түсінемін.

Айғақтарды іздеу керек, куәгерлермен тілдесіп, қылмыс хронологиясын елестете келе, кінәліні табу керек – мұның бәрі зор еңбек. Жауапкершілік те аса жоғары, қателікке жол жоқ. Өйткені, әділдікті қалайтын жандар саған үміт артып отыр. Ол-ол ма, жұмыс кестесі де әсте орнықты емес.

Эрик Байтасов – СҚО ПД тергеу басқармасының аға тергеушісі:

– Оқиға орнына тапа тал түсте болсын, жеті қараңғы түнде болсын шығамыз. Телефонға қоңырау кез келген уақытта түсуі мүмкін. Сондықтан, көп жағдайда жеке өмір жайлы ұмытуға тура келеді. Мамандардың көбі мұндай режимге шыдамай, ауысып кетіп жатады. Өз басым қызметімді жақсы көремін.

Қоғамдық тәртіп күзетіндегі полицейлердің күнделікті жұмысы маңызын жоғалтқан емес, жоғалтпайды да. Олар – бейбіт күннің батырлары. Бір ғана Шалқар Ақымғалиевтің оқиғасы неге тұрады?! Өткен жылдың көктемінде патрульдік полицей Ақтөбеде көпірден секіріп кеткен қызды құтқарып қалды. Ойланбастан мұздай суға сүңгіген жігіт ақыры жазым болды. Шалқар небәрі 24 жаста еді, ал 2 айдан кейін үйленіп, отбасын құруы тиіс болатын. Ол бейтаныс қызды құтқару үшін өз өмірін құрбан етті, оның бақытын өзінің бақытынан арты көрді. Міне, нағыз полицей! Маусымның 23-і – қазақстандық полиция күні. Мереке қарсаңында погон таққан жандарға елдегі бейбітшілік пен тәртіп үшін алғыс айтайық.

Саят Ермек