МТРА жаңалықтарыТЖ

Мұздай судың ішінде 10 сағат бойы тұрған балықшы құтқарылды

Есіл ауданында егде жастағы балықшы ажал аузынан аман қалды. 73-тегі қария өзеннің түбіндегі миға батып, суық судың ішінен шыға алмай 10 сағат бойы тұрған. Балық аулаймын деп лай-батпақтың құрсауында қалған зейнеткер абырой болғанда құтқарылды. Оны жақын маңда жүрген тағы бір балықшы байқап қалып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімшесіне хабар берген.

Виктор Морозов – тәжірибелі балықшы. Есіл өзеніне жиі қармақ салады. 2 шақырым қашықтықта орналасқан тұсын он саусағындай біледі екен. Жексенбінің таңында құрал-сайманын сайлап, әдеттегідей балық аулауға аттаныпты. Бірақ, әдеткі істің соңы қиынға соқты. Балықшы балық аулап жүріп судың түбіндегі қою балшықтың құрсауында қалып қойған. 2 аяғымен лайға кіріп кетіп, шыға алмапты. Оның жан айқайын жақын маңда жүрген балықшы естіп қалып, көмекке құтқарушыларды шақырыпты.

Жұлдыз Есенғазин – Есіл аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:

– Мен Виктор Морозовты жағалаудан 1 жарым метр жерден тауып алдым. Зейнеткердің күші таусылған. Оны судан алып шығу үшін бұтақты қолдандым. Оқиға орнына тез арада жергілікті полицейлер мен жедел жәрдем мамандары жетті.

Дәрігерлердің сөзінше зейнеткерге суық тиген. Бірақ, қазіргі жағдайы жақсы дейді.
Зейнеткердің өзімен де тілдесіп қайттық. Айтуынша кеудесінен келген салқын суда 10 сағат бойы тұрған. Әуелде лай-батпақтың құрсауынан өздігінен құтылмақ болған екен, бірақ ол әрекетінен түк шықпапты.

Виктор Морозов – Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Балық аулауға әдетте досыммен баратынмын. Бұл жолы жалғыз шықтым. Бірнеше жыл бұрын инсульт алып, бір қолым жансызданып қалған еді. Осы жағдайымның салдарынан судан өздігімнен шығуыма шамам жетпеді. Өлімнен арашалап алған құтқарушылар мен дәрігерлерге алғысымды білдіремін.

Сөз соңында айта кетейік, Есіл ауданында жыл басынан бері суда қайғылы жағдай тіркелмеген. Құтқарушылар әрдайым рейдтік шаралар жүргізіп, оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жиі ұйымдастырып тұрады.

Дана Сәлімқызы