Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ғ.Мүсірепов ауданында биыл 234 км жол жөнделеді

Новоишимское селосында 45 көше болса, биыл соның барлығы жөндеу көреді. Бұл мақсатқа ел бюджетінен 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Негізі, Ғ.Мүсірепов ауданында үстіміздегі жылы 234 шақырым жолды қалыпқа келтіру көзделіп отыр.

Ағзам Тастеміров – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Керегі не елді мекенге? Су, жол, жарықтандыру және интернет.

Аудан әкімі бұны жақсы біледі, түсінеді және халықтың тілегін орындауға барынша тырысады. Ауылдағы ағайынның жанды жері – жол. Қыруар қаржы дәл осы бағытқа жұмсалуда. 1 млрд 300 млн Тоқсан би мен Рузаевка елді мекендерінің арасын қалыпқа келтіруге бөлініпті. Қалыпқа келтіру жұмыстары республикалық маңызы бар 29 шақырымды қамтыған.

Ағзам Тастеміров – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Айыртау жағынан келе жатқан шекарадан бастап, Червонное селосына дейіне жөндеуге 600 млн бөлінді. Тағы Шөптікөлге апаратын жол жөнделіп жатыр. Қиын жол болатын. 1 млрд 300 млн бөлінді.

Аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге тағы 1 млрд 700 млн теңге бөлінген. Айтарлықтай өзгерістерді, әсіресе, шалғай жатқан елді мекендердің тұрғындары сезінбек. Енді Шұқыркөл, Ковыльное, Тахтоброд, Сокологоровка пен Возвышенкаға жету бұрынғыдай қиындық туғызбайды. Әрі уақыт та біраз үнемделмек. Ауылдағы ағайын үшін қуантарлық жаңалық мұнымен бітпейді. 14 селоның ішкі жолдары жөнделіп жатыр.

– Баяғыда жолдар өте жаман еді. Ой-шұқырларды ғана тегістейтін. Енді жақсылап жөндеп жатыр.

– Бұрындары машинаның ходовкасын жылына 2 рет ауыстыратынбыз. Енді бір-ақ рет ауыстыратын шығар. Ризамыз.

Ауылдағы ағайын ризашылықтарын Новоишимское селосындағы жолдардың жөнделуіне білдіріп жатыр. Әйтпегенде ше. Елді мекенде 45 көше болса, соның барлығы жаппай қалыпқа келтірілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша шаруаға 702 млн теңге бағытталған. Күн тәртібінен түспейтін келесі мәселе – ауыз су.

Ағзам Тастеміров – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– 201 млн теңге 10 елді мекенде санация әдісі бойынша тұрғындарды сумен қамтуға бөлінді. Ескі құбырлардың бойымен жаңа шланг жіберіп, су жағдайы жақсарады.

Тағы 113 млн теңге 20 елді мекендегі жарықтандыру жұмыстарына бөлінген.

Эльмира Садвокасова