Білім

Колледждерде қабылдау комиссиялары жұмысын бастады

Облыстың барлық колледждерінде қабылдау комиссиялары жұмыс істей бастады. Айта кеткен жөн, карантинге байланысты талапкерлерге биыл емтихан тапсырудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, олар комиссияның алдына келмей-ақ, тиісті құжаттарды колледждің сайтына немесе “e-gov” порталы арқылы тапсыра алады. Мұның бәрі қауіпсіздік үшін жасалып отыр.

Артем Кискин – Қызылжар ауданындағы Якорь орта мектебінің түлегі. 16 жастағы бозбала Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжіне түскісі келеді.

Артем Кискин – талапкер:

– Мен пойыз жүргізушісінің көмекшісі болғым келеді. Мектепті жақсы аяқтадым. Медкомиссиядан өттім. Қазір өтініш жазып отырмын. Колледжге грантқа түсемін деген үміттемін.

Бір ерекшелігі, колледжге түсу үшін биыл емтихан тапсырудың қажеттілігі жоқ. Түлектердің аттестаттарындағы бағаларына қарап ортақ бал шығарылады. Өтінім 15 минут ішінде қаралады. Кейін жеке кабинетіне оқуға түскені не түспегені жайлы хабарлама келеді

Светлана Гринкив – Б.Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжі қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Құжаттарды колледждің сайты немесе “e-gov” порталы арқылы жолдауға болады. Ол: өтініш, орта білім туралы аттестаттың түпнұсқасы, 3 те 4 форматындағы 4 дана фотосурет, №086-У медициналық анықтамасы және жеке басын куәландыратын құжат. Басқа мемлекеттің азаматтары тұрғылықты жері туралы құжат беруі тиіс.

Бүгінде теміржол колледжіне оқуға түсуге 63 талапкер өтініш білдірген. Оның 3-і – электронды түрде. Жалпы, биыл облыс бойынша колледждерге 3 мыңға жуық грант қарастырылып отыр.

Бауыржан Зейнуллин – СҚО білім басқармасының бас маманы:

– Үстіміздегі жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 2538 талапкерге және “Еңбек” бағдарламасы бойынша 426 студентке грант тағайындау жоспарланып отыр. Барлығына стипендия берілмек.

Құжаттарды қабылдау күндізгі оқу түрі бойынша тамыздың 20-сына дейін, ал сырттай оқимын деушілерге қыркүйектің 25-сіне дейін жүргізіледі.

Рабиға Ералы