МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Солтүстікқазақстандықтар Елбасыға үндеу жолдады

Елде коронавируспен ауырғандардың саны күннен-күнге артуда. Бойынан қауіпті індет табылғандардың қатарында депутаттар мен министрлер де бар. Ал күні кеше ғана Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың covid-19-ды жұқтырғаны белгілі болды. Осыған орай бүгін жергілікті қоғам өкілдері Елбасыға өз үндеулерін жолдап, тез сауығып кетуіне тілек білдірді.

Кеше ғаламтор беттерінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сovid-19 вирусын жұқтырғаны жайлы мәлімет тарады. Бұл хабарды естіген жерлестеріміз біраз алаңдап қалды. Бірақ, уайымдаудың қажеті жоқ. Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметі Елбасының жағдайы туралы мәлімет беріп, денсаулығы бірқалыпты екенін айтты.

– Қазақстанның Тұңғыш Президентінің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Осыған байланысты Елбасы оқшауланды. Бірақ, алаңдауға еш негіз жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қашықтықтан жұмыс істеуді жалғастыра береді.

Бүгін осыған орай солтүстікқазақстандықтар Тұңғыш Президентке өздерінің үндеулерін жолдап, тез сауығып кетуін тіледі.

Гүлбахша Мұсабаева – «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы:

– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы. Осы Ассамблеяның негізін қалаған – Елбасы. Ол кісінің вирусты жеңіп шығатынына сенеміз.

Жансейіт Тастемір солтүстік өңірге сонау Шымкент шаһардан келген. Ол М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ге «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түскен екен. Болашақ инженер 4-ші курсқа көшті. Қазақстанның о шетінен бұ шетіне білім іздеп келген жас мұның барлығы Елбасының арқасында орындалды дейді.

Жансейіт Тастемір – қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:

– Елбасы Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосты. Тұңғыш Президентіміз бұл аурудан толыққанды айығып, елімізге әлі талай қызмет етеді деген үміттемін.

Қазіргі күні вирус жұқтырғандардың саны күннен-күнге артуда. Қауіпті індет елдегі танымал тұлғаларды да айналып өткен жоқ. Депутаттар мен министрлер де бойынан covid-19 анықталғандардың қатарына қосылуда. Бүгіннің өзінде солтүстік өңірде ауырғандардың саны 146-ға жетті. Сол себепті, мамандар жерлестерімізді барынша сақ болуға шақырады.

Бердимурат Баймухан