Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде қарантин ережелері тағы бір мәрте қатаңдатылды

Жасы 65-тен асқан адамдарға далаға шығуға тыйым салынды. Ал өңірдегі ойын-сауық орындарына түгел есіктерін  қайта құлыптауға тура келеді. Жуырда ғана жеңілдетілген карантин  коронавирустың күш алуына байланысты қайта қатаңдатылды. Тәжді вирусты ауыздықтаудың амалы бұл. Бүгінде өңірде covid-19-ға шалдыққандардың саны 146-ға жетіп отыр. Тағы 169 адамның бойынан  симптомсыз ауру белгілері табылған.

Көктемнің орта тұсында жарияланған карантин осыдан шамамен бір ай бұрын жұмсартылған еді. Себеп: індетке шалдығу жағдайлары тежеліп, эпидемиологиялық ахуал жақсарған болатын. Қуандық, қалыпты өмірге қайта оралдық, сан түрлі нысанның тамырына қайта қан жүгірді дедік. Бірақ, бұдан еркінсіп кеткендер кездесті. Covid-тің өсуі де, өшуі де негізінен өзімізге байланысты. Тіпті, тар әрі жолаушылар сығылыса отыратын қоғамдық көліктің ішінде әлі күнге дейін маска тақпайтын немесе иегінде тұрған бетпердесін көтеруге жалығатын жандар бар. Салғырттықтың салдарынан қазір өңірде коронавирус қайта күш алды. Сондықтан, облыс әкімі Құмар Ақсақалов жерлестерімізге сақтық шараларын әлі де сақтау қажеттігін ескертеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде өңірде індеттің 236 ошағы тіркеліп отыр. 2 жарым мыңнан астам жерлесіміз тәж вирусын жұқтырған адамдармен байланыста болған. Бұның барлығы тұрғындардың санитарлық нормаларды сақтамағандықтарынан туындап отыр. Сондықтан, карантиндік шараларды күшейтуге тура келді.

Басында індет сырттан келгендерден ғана анықталса, қазір ішкі жұқтыру да белең алып отыр. 100-ден асып 200-ге қарай бағыт алған коронавирусқа байланысты статистиканы тежеу үшін аймақтың бас санитарлық дәрігері облыс бойынша бірқатар шектеулердің қайта күшіне енетінін жариялады.

Серікбай Қасмақасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Ертеңнен бастап аквапарк, азық-түлік жәрмеңкелері, ойын-сауық орталықтары өз жұмыстарын тоқтатады. Жуырда ғана іске қосылған саябақтағы әткеншектер де жабылады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары қайта онлайн форматта жұмыс істеуге ауысады. Және де 65 жастан асқан зейнеткерлерге далаға шығуға тыйым салынады.

Айта кетейік, өңірдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бүгін түнгі сағат 00:00-де өз күшіне енеді.

Дана Сәлімқызы