МТРА жаңалықтары

Жүк тиелген көліктер тексерілді

Жыл басынан бері өңірде  шамадан тыс жүк тиелген 63 көлік иесі  әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға салынған айыппұлдың жалпы көлемі 12 млн теңгеден асады.

Шамадан тыс жүк тиелген көліктер жолға салмақ түсірері анық. Салдарынан жаңадан төселген асфальт желініп, ой-шұқырлар пайда болады. Оларға арналған айналмалы өткелдер бар, бірақ көбісі төтесінен түсуді жөн көреді. Мәселен, мына битум тасымалдайтын қос көлікті тәртіп сақшылары кеше түнде Бескөл ауылының маңында тоқтатыпты. Павлодардан бет алған темір тұлпарлардың жүргізушілерінде тиісті құжаттар болмай шыққан әрі техникалық ақау анықталыпты. Нәтижесінде хаттама толтырылып, әрқайсысына 7 мың теңгенің айыппұлы салынған.

Негізі, көліктік бақылау инспекциясының мамандары ауыр машиналардың жалпы салмағын өлшеуі тиіс. Егер оған түсетін жүктеме нормадан асып кетсе, жүргізуші де, оның иесі де жауапқа тартылады.

Руслан Мағзұмов – СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы:

 – Автомобиль көлігі туралы заңнаманы бұзған фактілер орын алса онда әкімшілк жаза қолданылады. Егер салмақтық мөлшер асып кетсе, алым сомасы алынады, кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ең төменгі айыппұл көлемі – 40 АЕК. Бұл жеке тұлғаларға салынады. Ол 1-ден 5 тоннаға дейін салмағын асырған жағдайда.

Алайда, қазір бұл автомобильдерге қатысты қандай да бір шешім қабылдауға әлі ерте. Себебі, жүк көліктерінің жүргізушілері оқиға орнынан зым-зия жоқ болған көрінеді. Дәл осындай жағдай Мамлютка қаласының маңында да тіркелді. Мұнда мамандар асфальтбетонды қоспа тиелген 3 ауыр көлікті тоқталыпты. Қазір бұл аумақта да тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жолдыбай Тентеков – “Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы” РМК СҚО бойынша филиалының директоры:

– Өңірдегі жолдардың басым бөлігі Кеңес уақытында төселген. Олар тек 5-6 тоннаға жуық салмақты көтеруге жоспарланған болатын. Алайда, қазіргі жүк көліктерінің салмағы одан асып жығылады. Салдарынан жол бұзылады. Ауыр машиналарды таразыға тарту мобильді немесе стационарлық қосындарда жүргізіледі. Алдайда, үлкен темір тұлпар тізгіндеген жандар арнайы қондырғы орналасқан аумақтан айналып өтеді.

Жалпы, көліктік бақылау инспекциясы жыл басынан бері ереже бұзған 63 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Салынған айыппұлдың жалпы көлемі 12 млн теңгеден асады.

 

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы